Қазақстан Халық партиясы «Партиялық серпін» жобасы аясындағы жұмысын жалғастыруда. Бұл жоба ҚХП-ның идеологиясы мен саяси бағдарламасын кең аудиторияға таратуға бағытталған және алғашқы жемісін беруде. Атап айтқанда, еліміздің бірқатар өңірінде жергілікті тұрғындар арасында партия қатарына қосылуға ниет білдірушілер артып келеді.
Мәселен, жуырда Ұлытау облыстық филиалы жаңа пікірлестерге партия билеттерін табыстады. Салтанатты рәсімде әртүрлі салада еңбек ететін түрлі жастағы азаматтар – жастар мен зейнеткерлер, студенттер мен бюджет саласының қызметкерлері, жалдамалы жұмысшылар мен кәсіпкерлер бас қосты.
– Бұл – еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени және қоғамдық өміріне бейжай қарамайтын азаматтар. Олар – әділдік пен теңдік қағидаттарына сенетін, белсенді азаматтық ұстанымы бар жандар, – деп атап өтті ҚХП өкілдері.
Осындай шара Атырау облыстық филиалында да өтті. Мұнда да партияға кіруге ниетті азаматтар аз болмады.
– Бұл – ҚХП-ның өңірдегі белсенді жұмысының нәтижесі және халық сенімінің айқын көрінісі. Жаңадан қосылған азаматтарға алғыс айтып, ортақ істе сәттілік тілейміз! – деді партия мүшелері партия билетін табыстау кезінде.
Сондай-ақ филиал төрағасы Балжан Досмұхамбетова жиналғандарды Жұмысшы мамандықтар жылы мерекесімен құттықтап, денсаулық сақтау саласының ардагері, партия белсендісі Қ.Наурзалиевке «Еңбек майталманы» төсбелгісін табыстады. Ал еңбек адамдары арасынан шақырылған басқа қонақтарға алғыс хат берілді.
– Партия халық игілігі үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген әрбір азаматты қолдайды! – деп атап өтті Досмұхамбетова.
Шығыс Қазақстан облысында партияға қосылуға ниет білдіргендердің басым бөлігін жас буын өкілдері құрады. Мұнда партия қатары білімді, белсенді жастармен толықты.
– Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Жастардың саяси өмірге араласуы – елдің болашағына деген сенімнің белгісі! – деді партия өкілдер.