Қазақстан Қырғызстанмен ынтымақтастықты нығайтуда. Сәрсенбі күні Мәжіліс екі ел арасындағы Одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартты ратификациялады. Құжатқа 2024 жылы 19 сәуірде Астанада қол қойылған болатын.
Шарт екіжақты келісімдер аясында іске асып жатқан түрлі бағыттағы өзара іс-қимылды қамтиды. Құжатта саяси, экономикалық, көлік, су-энергетика, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға екі елдің бейілділігі нақты расталған.
Мәселенің мән-жайын нақтылау мақсатында ҚХП депутаты Ирина Смирнова сұрақ қойды. Ол Қырғызстанның Орталық Азиядағы Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі екенін еске салды. 2024 жылы бұл елмен тауар айналымының үлесі 22%-дан асып, шамамен 1,7 млрд АҚШ долларын құрады.
– Мемлекет басшылары 2030 жылға дейін өзара сауда көлемін 3 млрд долларға жеткізуді тапсырды, – деді Смирнова. – Осыған байланысты нақты қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Қандай ірі жобалар іске асырылуда немесе жоспарланып отыр?
Сұраққа жауап берген Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин екі ел арасындағы өзара экспорт көлемі артып келе жатқанын айтты. Қазіргі таңда екі жаққа мұнай-химия, металлургия, көлік құралдары, азық-түлік, химия және фармацевтика өнеркәсібі өнімдері, сондай-ақ құрылыс материалдары экспортталуда.
– Мұндай жобалардың бірі – индустриялық-сауда-логистикалық кешен. Оны келесі жылдың соңына дейін аяқтаймыз деген үміт бар. Бұл кешен сауда-экономикалық серіктестікті одан әрі жандандыруға серпін береді, – деді вице-министр.