Қосылған құн салығының тағдыры

dep.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметті ҚҚС мөлшерлемесін көтеру мәселесін тағы да жан-жақты пысықтауды тапсырды. Бұл туралы ол Астанада өткен отандық бизнес өкілдерімен кездесу барысында айтты.

Мемлекет басшысы айтқандай, кез келген реформаны жан-жақты сараптап, байыппен жүргізген жөн.

«Экономика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі нұсқаларды әзірлеу керек. Қосымша құн салығына қатысты бұған дейін көзқарасымды білдірмеген едім. Өйткені қызметтік дәрежеме сәйкес, менің әрбір сөзім, пікірім қатаң тапсырма сияқты қабылданады. Соған қарамастан бұл мәселе бойынша ойымды жеткізгім келеді. Қалай десек те, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуі тиіс», - деді Мемлекет басшысы.

Президент Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, әлбетте депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдауы тиіс екенін ерекше атап өтті.

«Бір анығы, Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары. Сіздер нақты цифрды айттыңыздар. Оны қоғам қызу талқылады. Тіпті, кей жағдайда артық сөздер де айтылды. Дегенмен, бұл қоғам талқысына алдын ала салынған ұсыныс болатын», - деді Президент.

Тоқаевтың айтуынша, Үкімет биыл нақты шешім қабылдауы керек. Бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, кәсіпкерлер, сарапшылардың, яғни барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы тиіс.

«Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни, бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз керек», - деді Президент өз сөзінде.

Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов атап өткендей, жұртшылық Үкімет ұсынған салық реформаларына қатысты Мемлекет басшысының жауабын тағатсыздана күтті.

«Осы салық реформасы төңірегінде өрбіген талқылаулар елдің саяси өміріндегі қоғамдық пікір рөлінің сөзсіз жаңа көрсеткіші болды», - деді мәжілісмен.

Магермов мемлекет басшысының шешімі өте ұтымды болғанына тоқтылып, ҚҚС ставкасын отандық бизнестің қазіргі жағдайын ескере отырып саралау ең қолайлы нұсқа екеніне атап өтті.

«Менің ойымша, жаңа шешімдердің мақсаты - стратегияны кеңейту және елдің экономикалық трансформациясының тактикасын толықтыру», - деп түсіндірді депутат.

Ендігі жерде бұйрықты дұрыс орындап, білікті сарапшылармен, кәсіпкерлермен, депутаттармен тиімді әрі сапалы диалог құруға бар күш-жігерді салу Үкіметтің еншісінде.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy