Мәжіліс депутаты, Қазақстан Халық партиясының өкілі, Президент жанындағы әлеуметтік осал топ өкілдерінің құқығы жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан жұмыс сапарымен Тараз қаласына барды. Сапар аясында ол тұрғындармен кездесіп, Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубына және партияның Жамбыл облыстық филиалына барды.
Спорт клубында депутат мекеме ұжымымен жүздесіп, мамандандырылған спортты дамыту, ерекше қажеттілігі бар спортшыларды қолдау және материалдық-техникалық базаны жақсарту мәселелерін талқылады.
– Бұл клуб республикадағы жетекші орталықтардың бірі саналады. Мұнда көптеген параспортшылар мен сурдоспортшылар тәрбиеленіп шыққан. Кездесу барысында спортшылардың жаттығу жағдайы, кадр тапшылығы, спорт инфрақұрылымының қолжетімділігі, сондай-ақ мамандар мен спортшылар бетпе-бет келетін жүйелі кедергілер сөз болды, – деді Кенжеғұл Сейтжан.

Клуб өкілдері мекеме жұмысын жетілдіруге және спортшылар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Мәжілісмен мамандандырылған спортты әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде дамыту аса маңызды екенін атап өтіп, көтерілген мәселелерді шешуде жүйелі тәсіл қажет екенін айтты.

– Мұндай кездесулер өңірлердегі нақты ахуалды көруге және өміршең, қолданбалы шешімдер табуға мүмкіндік береді. Күнделікті мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істейтін мамандардың пікірі басқарушылық әрі заңнамалық шешімдер қабылдау кезінде міндетті түрде ескерілуі тиіс. Тұрақты оң өзгерістер диалог пен жүйелі еңбектің нәтижесінде қалыптасады, - деді ол.
Сондай-ақ Кенжеғұл Сейтжан Қазақстан Халық партиясының Жамбыл облыстық филиалындағы белссенділермен және мәслихат депутаттарымен кездесті. Басқосуда өңір үшін өзекті әлеуметтік мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, инклюзивті білім беруді дамыту, мүгедектігі бар балалармен жұмыс істейтін педагогтердің мәртебесі, сондай-ақ тегін негізде оңалту орталықтарын ашу қажеттігі сөз болды.

Кездесу барысында спорт туралы заң жобасы, кооперативтерді дамыту, салықтық рулинг мәселелері мен Құрылыс кодексіндегі өзгерістер талқыланды. Сонымен қатар Жамбыл облысының туристік әлеуеті, оны дамыту жолдары, жергілікті бастамалар мен оларды іске асыру тетіктері қарастырылды.
– Диалог мазмұнды әрі нәтижелі өтті. Негізгі назар нақты шешімдер мен алдағы өзара іс-қимылға аударылды, – деп түйіндеді Кенжеғұл Сейтжан.
@halyk_partiyasy