Қазақстан Халық партиясы «Күш әрқайсымызда» тақырыбында өткен жақтастардың өңірлік форумдары сериясын қорытындылады. Шешуші жиын Орал қаласында өтті.
Жиынның ашылуында ҚХП Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Борис Лаврентьев өңірде партияның қоғамдық-саяси салмағының артып келе жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда әр деңгейдегі мәслихаттарда партия атынан үш депутат жұмыс істейді, сондай-ақ екі партия мүшесі Қоғамдық кеңестер құрамына енген.



– Бұл – тұрғындардың сенімі мен бірлескен еңбектің нәтижесі. Бұл жетістіктер ҚХП әр азаматтың пікіріне құлақ асатын, нақты ісімен танылған партия екенін айқын көрсетеді. ҚХП қоғамды біріктіреді, адамдарды жігерлендіреді және әділеттілікке, тұрақты даму мен елдің әл-ауқатының жақсаруына ықпал етеді, – деді ол.
ҚХП төрағасы Ермұхамет Ертісбаев құттықтау сөзінде Батыс Қазақстанның стратегиялық маңызына тоқталды.

– Бұл өңір – тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның батыс қақпасы. Дәл осы бағыт арқылы еліміз Еуропа нарығына тікелей шыға алады. Бұл – Орталық Азия үшін Еуропаға апарар ең қысқа әрі экономикалық тұрғыдан тиімді жол. Сонымен қатар Батыс Қазақстан – мұнай-газ саласының тірегі, индустриялық дамудың қозғаушы күші, – деді ҚХП төрағасы.
Алайда қолданыстағы басқару жүйесінде өңір байлығының игілігін санаулы ғана олигархтар көріп отыр. Мұнай мен газдан түскен табыс сыртқа кетіп, су тапшылығы, жолдардың тозуы мен инфрақұрылым мәселелері жергілікті халыққа кедергі келтіріп отыр. Ел азаматтарының басым бөлігі мұндай «бизнестің» зардабын тартуда: экологияның бұзылуы, өндірістік қалдықтардың көбеюі, ауыз су мен ауаның ластануы. Жол мәселесі жылдар бойы шешімін таппай келеді, өңірдің басты су артериясы – Жайық өзені де экологиялық қауіпке ұшыраған.
– Біздің социалистік идеологиямыз – осындай әлеуметтік әділетсіздікке қарсы. Алдағы парламент сайлауы қарсаңында күш біріктіретін уақыт келді. Сөзден іске көшетін сәт жетті! Бірлік пен өзара сенім – біздің басты артықшылығымыз әрі жеңіске бастар жол, – деді Ермұхамет Ертісбаев.
Форум барысында партияның жастар және әйелдер қанатының жұмысы таныстырылды. Мәжіліс депутаты, ҚХП жанындағы «Jas Orta» жастар қанатының жетекшісі Ислам Сұңқар жастарға партияның берер мүмкіндіктеріне тоқталса, ҚХП БҚО филиалы төрағасының орынбасары, өңірлік әйелдер қанатының жетекшісі Жансұлу Төремұратова әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі белсенді рөлін атап өтті.

– ҚХП-ның әйелдер қанаты – өңір әйелдерін ортақ мақсатқа жұмылдыратын, олардың бастамасы мен әлеуетін ел игілігіне бағыттайтын күш. Біздің қатарымызда қоғамдық мәселелерді шешуге нақты үлес қосып жүрген іскер, жауапкершілігі жоғары әйелдер бар, – деді Жансұлу Төремұратова.
Оның айтуынша, бүгінде партия ұраны ерекше маңызға ие: «Әр әйелдің күші – ел дамуының кепілі». Ал «Күш әрқайсымызда!» – жай ғана ұран емес, әр азаматтың, әрбір әйелдің мүмкіндігін толық ашуға үндейтін ортақ идея.


Форум «Еңбек адамы – 2025» байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсімімен аяқталып, партия қатарына жаңадан қабылданған мүшелерге партия билеті табысталды.






@halyk_partiyasy