Отандық ғылымға заңнамалық қолдау қажет

dep.jpg Мәжіліске Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат Ирина Смирнова Алматыда ҚР Ұлттық Ғылым академиясының ғалымдарымен кездесті. Ғалымдардың шетелде болуына байланысты пікірталастың бір бөлігі онлайн өтті.

Отандық ғылымды дамыту мәселесі талқыланған жиында жылдар бойы жинақталған өзекті проблемаларды уақыт оздырмай шешу қажеттігі тілге тиек болды. Атап айтқанда: отандық ғылыми жобаларды коммерцияландыру, жаңа ғылыми мектеп қалыптастыру және кадр тапшылығынан құтылудың жолдарын қарастыру.

– Бізде ғылыммен айналысатын кадр жоқ, – деді ҚР ҰҒА вице-президенті Ақылбек Күрішбаев. – Ғылымды дамыту үшін істі осы мәселеден бастау керек.

А.Күрішбаев шетелдік оқу орындарының оқу бағдарламаларын талдауды және олардың ең қолайлысын Қазақстанда қолданысқа енгізуді ұсынды.

– Бұл тәсіл болашақта отандық ғылыммен мықты мамандардың айналысуына негіз болады, – деді ол. – Бұдан бөлек бірқатар мәселелерді тізіп шығуға болады, алайда кадр тапшылығын жою маңыздырақ.

Ирина Смирнованың пікірінше, отандық ғылымды күшейту үшін заңнамалық қолдау қажет.

– Ғылым қиыншылықты бастан кешіріп жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды, – деді мәжілісмен. – Біз соңғы уақытта ғылымға көңіл бөліне бастағанына қуанып жүрміз. Мемлекет басшысы ғылымсыз алға жылжу мүмкін емес екенін бірнеше рет атап өтті.

Жиын соңында қатысушылар жүзеге асыру үшін Президент жанындағы Ұлттық Ғылым академиясына бірқатар ұсыным әзірледі.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy