Қазақстан Халық партиясының бастамасымен қолға алынған «Дара Тұлға» акциясы жалғасуда. Акция аясында республика өңірлерінде еліміздің игілігі үшін көп іс атқарған мәдениет қайраткерлерімен, спортшылармен, ғалымдармен және басқа да белгілі азаматтармен кездесулер жоспарланған.
ҚХП Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы Петропавл қаласының белгілі тұрғыны Александр Азеговты құттықтау шарасын ұйымдастырды.
Александр Анатольевич қалада жақсы танымал азамат. Ол «СевҚазЭнерго» АҚ-да 40 жылдан астам аянбай адал еңбек еткенімен қоса, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады. Гвардиялық әуе-десанттық әскерлердің ардагері, Ауғанстанда қызмет еткен жауынгер-интернационалист, Халықаралық еске алу вахтасының қатысушысы Петропавлда «Саланг» әскери-патриоттық клубын ашқан. Қаланың 2000-нан астам жас жеткіншектері осы клубтың мүшесі болып, патриоттық тәлім-тәрбие алған.
Жастарды патриоттық тәрбиелеуге қосқан ауқымды үлесі үшін Александр Азегов бірнеше рет Мемлекет басшысының және ҚР Қорғаныс министрлігінің наградалары мен марапаттарына ие болды. Өзінің «Петропавл қаласының Құрметті азаматы» атағын абыроймен алып жүрген жан.
Кездесуге ҚХП СҚО филиалының белсенділері, клуб тәрбиеленушілері, десантшы-жауынгерлер, әскери академияның курсанттары, жергілікті колледж студенттері мен журналистер қатысты. Барлығы осындай іс-шаралардың жоғары қоғамдық-маңызды резонансы мен патриоттық мазмұнын, сондай-ақ олардың қазіргі жастарға оң әсерін атап өтті.
ҚХП СҚО филиалы төрағасының орынбасары Болат Қожахметов Александр Азеговке ынтымақтастығы үшін шын жүректен алғыс айтып, атқарып жатқан жұмыстарының маңыздылығын атап өтті және оған Алғыс хат пен естелік сыйлық тапсырды.