ҚХП фракциясы Үкіметтің жұмысын сынға алды

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясының Мәжілістегі фракциясы 2024 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы жөніндегі Үкімет есебін қабылдауға қарсы дауыс берді. Партия өкілдерінің пікірінше, Жоғары аудиторлық палатаның деректері Үкіметтің өзіне жүктелген үмітті ақтамағанын, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қойған міндеттерді орындауға қабілетсіз екенін көрсетіп отыр.

Фракция жетекшісі Магеррам Магеррамовтың айтуынша, Үкімет былтырғы жылы ел экономикасында қордаланған мәселелерді шешуге қауқарсыз болды. Қазақстан экономикасы бұрынғыдай мұнай мен өзге де энергия ресурстарының әлемдік бағасына тәуелді күйде қалып отыр, бюджеттің шығыс бөлігі кірістен асып түседі, салықтар толық жиналмайды, ал инфляция қарқыны тіпті тежелмей тұр. Президент жүктеген 2029 жылға дейін ішкі жалпы өнімді екі есе арттыру жөніндегі тапсырманы орындау қазіргі жағдайда мүмкін емес, ал 2030 жылға дейінгі мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасы қағаз жүзінде қалып қоюы ықтимал.

Бұл құжаттың айналасындағы жағдай мүлде көңіл көншітпейді: республикалық бюджеттің мұнайға қатысы жоқ тапшылығы төмендемей отыр, бюджет Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерге әлі күнге тәуелді, ал қордың өзіне түсетін түсім көлемі азайып барады. Бюджет кірісі кеміп, шығысы мұнай секторындағы табыс есебінен ғана жабылып отыр, себебі ұлттық экономика өзінің нақты мүмкіндігіне сай өмір сүруді үйрене алмай келеді.

– Біз тағы да бұрынғы әрі өзіекті мәселеге тіреліп отырмыз: Қазақстан экономикасы республикалық бюджеттің шығынын қамтамасыз ете алатындай деңгейде табыс таба алмайды. Бұл тек басқару сапасының кемшілігі емес, бұл – шынайы сенім дағдарысы! Уәде мен оны іске асыру арасындағы алшақтықтан туған сенім дағдарысы! – деді Магеррамов.

Жоғары аудиторлық палатаның мәліметтері жағдайдың расында да алаңдатарлық екенін растайды. Осыған байланысты Қазақстан Халық партиясының фракциясы Үкімет жұмысын қанағаттандырмайды деп бағалап, есепті қабылдаудан бас тартты.

– Бізге әлі де өндірістік қуатты арттыру, экономиканы әртараптандыру қажет. Мемлекеттік бюджетке табыс әкелетін жаңа көздер қажет. Бұл туралы біздің фракция талай жылдан бері айтып келеді, – деп түйіндеді мәжілісмен.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy