Сөз бостандығын жауапсыздықпен, ал ар-ождан еркіндігін саяси технологиялармен және манипуляциялармен шатастырмау керек. Бұл туралы Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов мәлімдеді.
Мәжілісменнің айтуынша, бүгінде әлеуметтік желілерде жалған және фейк ақпараттар қарқынды таралуда.
– Мұндай жалған ақпараттың көбеюі елдегі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімге тікелей қауіп төндіреді. Заңдар азаматтардың құқығы мен бостандықтарын қорғайды, бірақ бұл олар азаматтық міндеттерден босатылады дегенді білдірмейді, - деді депутат.
Бұған дейін депутат Әділетті Қазақстан азаматтардың жеке бас құқығы мен бостандықтарын қамтамасыз етумен қатар, ақылға қонымды қоғамдық тәртіпті де сақтауы керек екенін айтқан болатын. Алайда, оның пікірінше, Қазақстанның ашықтық принципін ұстануы және қоғамдағы маңызды мәселелерді еркін талқылауға мүмкіндік беруі – бұл ашықтықты ел мен қоғам мүддесіне қайшы пайдалануға болады дегенді білдірмейді. Ақылға қонымды шектеу болмаған жағдайда, жалған ақпараттар мен манипуляция мемлекет тұрақтылығына, жеке азаматтардың құқықтарына, сондай-ақ ұлтаралық және діни араздықты қоздыру құралы ретінде зиян тигізуі мүмкін.
– Мұндай әрекеттерге жол беретіндерге заңдық тұрғыдан әлсіздік танытуға болмайды. Олар елдің дамуын емес, керісінше, оған зиян келтіруді көздейді. Біз еліміздің жаңару процесінің шектен тыс еркіндікке, жауапсыздыққа және жеке амбицияларға байланысты тоқтап қалуына жол бере алмаймыз. Бұл – мемлекеттің болашағы туралы мәселе, ал мұнда ешқандай ымыраға келуге болмайды, - деді Магеррамов.