
Мәжіліс депутаты, Қазақстан Халық партиясының өкілі, Президент жанындағы әлеуметтік осал топтардың құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан Алматы қаласындағы зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханаға (ЗНКААРК) барып қайтты.
Өзі де көру қабілетінен айырылған мажілісмен үшін бұл сапар ерекше әсер қалдырды.
– Бұл жер жай ғана кітапхана емес. Бұл – рухани қолдау мен білім, үміт пен мүмкіндіктер кеңістігі, – деді ол.
Мәжіліс депутаты атанған соң ол жолдаған алғашқы депутаттық сауалдардың бірі дәл осы ЗНКААРК мен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған осындай мекемелердің мәселелеріне арналды.
– Жарты ғасырдан астам уақыт бойы табысты жұмыс істеп келе жатқан бұл кітапхана бүгінде көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтар үшін ғана емес, барлық санаттағы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы ішкі және сыртқы инфрақұрылымды қалыптастырды. Қазіргі таңда кітапхана қорында 258 593 дана кітап бар. Оның 59 719-ы – Брайль қарпімен басылған, 101 851-і – аудиокітаптар, – деп нақтылаған еді депутат.
Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін мұндай арнайы кітапханалар білім көзі болумен қатар, сан алуан ақпаратпен танысуға жол ашады, шетелдік білім алуға, әрі қарай жұмыс табуға да көмектеседі. Бұған дейін осы кітапхананың тұрақты оқырманы болған Кенжеғұл Сейтжан мекеме қызметкерлеріне шын жүректен алғыс айтты.
– Әрбір қызметкердің жанашырлығы мен арнайы форматтағы ресурстар ерекше жандардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған, – деді халық қалаулысы.
@halyk_partiyasy