
Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы «Қазақстанның өңдеуші өнеркәсібі: өсім экономикасы және цифрлық трансформация» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Іс-шараға Мәжіліс пен Сенат депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, салалық қауымдастықтар мен сарапшылар қатысты.
Кездесуді ашқан фракция жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов қазіргі жағдайда елдің мықты өндірістік негізін қалыптастыру үшін нақты әрі жүйелі шаралар қажет екенін атап өтті.
– Қазақстан экономикасының өз-өзіне жеткілікті, тұрақты болуы үшін оның іргетасы өңдеуші өнеркәсіп болуы тиіс, – деді депутат.
Оның айтуынша, елдің экономикалық әлеуетін арттыру үшін жоғары қосылған құны бар өндіріс кластерлерін қалыптастыру қажет. Бұл өз кезегінде халықтың әл-ауқатын жүйелі түрде көтеруге жол ашады.
Өз кезегінде ҚР Индустрия және құрылыс вице-министрі Рахымжан Исақұлов осы саладағы нақты көрсеткіштерді ұсынды. Оның айтуынша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша өңдеуші өнеркәсіптің ЖІӨ-дегі үлесі алғаш рет 12,4 пайызға жетіп, тау-кен секторынан (12%) асып түсті.
– 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында өңдеуші өнеркәсіп көлемі 6,2 пайызға өсіп, 21,4 триллион теңгені құрады, – деді вице-министр.
Ұлттық экономика министрлігінің экономикалық салаларды дамыту және инвестициялық жобаларды мониторингтеу департаментінің директоры Сержан Сарманов мемлекет тарапынан отандық өндірушілерге көрсетіліп жатқан қолдауларды тізіп өтті. Атап айтқанда, несие бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, қарыздарға кепілдік беру, салықтық және инфрақұрылымдық жеңілдіктер, сондай-ақ шағын және орта бизнес пен индустриялық аймақтарға инженерлік инфрақұрылым тарту мәселелері қозғалды.
– Бүгінгі Қазақстан экономикасы бұдан 15 жыл бұрынғы жағдаймен мүлде салыстыруға келмейді. Біз әртараптандыруға бет бұрып, бәсекеге қабілеттілікті арттыра алдық. Бұл – құрылымдық оң өзгерістердің нәтижесі, – деді Сарманов.
Ал салалық қауымдастық өкілдері өзекті мәселелерді көтерді. Олардың айтуынша, жалған кәсіпкерлікпен күрес барысында адал жұмыс істейтін компаниялар да зардап шегуде. Сонымен қатар бюрократиялық кедергілер, шын мәніндегі заңбұзушылықтарға бақылаушы органдардың көз жұмып қарауы, шетелдік өнімді отандық деп көрсетіп, жеңілдік алу әрекеттері, сертификат сату, заңдағы олқылықтарды алаяқтардың тиімді пайдалануы, мемлекеттік сатып алу тәртібінің бұзылуы – өзекті мәселелер қатарында.
Дөңгелек үстел соңында бірқатар ұсыныс-пікірлер әзірленіп, Үкімет пен тиісті органдарға жолданатын болды.
@halyk_partiyasy