ҚР Қаржы министрлігі заңнамаға трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша түзетулерді Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетіне таныстырды.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов атап өткендей, заң жобасы трансферттік баға белгілеу мен капиталдың елден шығарылуын бақылау шараларын күшейту мақсатында әзірленді. Бұған дейін бұл саладағы заңнамаға 10 жылдан астам уақыттан бері айтарлықтай өзгерістер енгізілмеген. Енді нормативтік-құқықтық базаны тұжырымдамалық өзгерістер күтіп тұр. Атап айтқанда, жаңа құжатта нарықтық бағаны айқындау әдістерін қолдану иерархиясы, нарықтық диапазонды айқындау тетігін енгізу және бағаның төмендеуін болдырмау үшін тауар биржаларын бақылау, сондай-ақ капитал шығару бойынша бақылауды күшейту мақсатында тараптардың өзара байланыстылығын айқындауды кеңейту жетілдірілді.
– Заңның ағымдағы редакциясында мәмілеге қатысушылардың өзара байланысы туралы түсінік берілген, - деп нақтылады Біржанов.
– Кейбiр iрi салық төлеушiлер жасанды делдалдық құрылымдар құрады, олар экспортталатын өнiмдi кейiннен өткiзу кезiнде ең төменгi тәуекелдi қабылдайды және өзара байланысты тараптар болып танылмайды.
Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің өкілі Ирина Смирнова заңнамаға түзетулер енгізу қажет деп санайды.
– Бұл біздің ресурстарымызды шетелге сату туралы стратегиялық маңызды мәселеге қатысты, - деп нақтылады мәжілісмен.
– Осы түзетулер арқылы мәміле тараптары арасындағы қарым-қатынастың қалай қалыптасқанын және делдалдың үлкен маржа алуы үшін емес, шикізаттың мемлекет мүддесі үшін қаншалықты сатылғанын қадағалауға болады.
Депутаттың пікірінше, егер, заңнама дұрыс жұмыс істейтін болса, заңсыз алаяқтықтың жолын кесу бюджет пен Ұлттық қордың толықтырылуына оң әсерін тигізері сөзсіз.
– Егер заң алдында қарапайым азаматтар да, ресурстарды сататындар да, оларды сатып алу-сатуға рұқсаты бар адамдар да теңестірілсе, нәтиже болады, - деп баса айтты И.Смирнова.
– Егер сот жүйесі бұрынғыша азаматтарға ала-құла қарап, біріне нарықтық артықшылықтар беріп, біріне жаза тағайындауға дайын тұратын болса, онда бәрі бұрынғыдай еш өзгеріссіз қала береді.