Астанада «Ауыл» партиясының 25 жылдығына арналған мерейтойлық конференция өтті. Шара барысында партияның ел дамуына, әсіресе ауылдық өңірлерді қолдауға қосқан үлесі кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, конференцияда қоғамдық және саяси құрылым өкілдері ауыл шаруашылығы саласына қатысты пікірлерін ортаға салып, құттықтау сөз сөйледі.
Конференцияға Қазақстан Халық партиясы атынан партия Бюросы мен Саяси кеңесінің өкілі, Мәжіліс депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Ислам Сұңқар қатысты. Мәжілісмен «Ауыл» партиясының басшылығын мерейтойымен құттықтап, ҚХП төрағасы Ермұхамет Ертісбаевтың атынан құттықтау хатын табыстады.
Қазақстан Халық партиясы еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға және отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға баса назар аударады. Партия бұл бағытта ортақ көзқарастағы серіктестерімен конструктивті ынтымақтастық орнатуға дайын.
– Біздің партиялар арасында саяси диалог пен ортақ түсініктің бар екеніне қуаныштымыз, – деді Ислам Сұңқар.