Алматы облысы Қарасай ауданында Қазақстан Халық партиясының филиалы ашылды. Салтанатты шараға ҚХП Орталық аппараты мен облыстық филиалының өкілдері, жергілікті тұрғындар, қоғам қайраткерлері мен белсенділер қатысты.
Жаңа филиалдың басшысы Арсланбек Тілеулиев партия мүшелері жұмысының басты мақсаты – халыққа жақын болу, олардың пікірін тыңдау және өзекті мәселелерді шешуге көмектесу екенін атап өтті.
«Аудандық бөлімшенің ашылуы – өңірдің өзекті мәселелерін бірлесіп шешу және халықпен кері байланысты нығайту жолындағы маңызды қадам. Бұл Қарасай ауданының әрбір тұрғыны үшін өңірдің дамуына және өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететін қоғамдық диалогқа қатысу мүмкіндігі», - деді ол.
Жаңа филалдың қабырғасындағы алғашқы айтулы оқиға жаңа пікірлестерге партия билетін табыстау болды. ҚХП қатары дәрігерлер мен кәсіпкерлер, жастар мен көпбалалы отбасы өкілдерімен толықты.
«Бұл адамдар біздің жолды таңдады, өйткені олар партия насихаттайтын құндылықтар мен идеяларға сенеді. Олар еңбек етуге, әлеуметтік бастамаларды қолдауға және қоғам өміріне белсене қатысуға дайын. Ал қатарымызға кәсіпқойлар мен белсенділердің қосылуы партияны одан әрі нығайта түсері анық», - деді ҚХП ОА өкілдері.