Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауына санаулы күн қалды. Қазақстан Халық партиясы үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыруда. Жақында партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаев Қостанай облысының сайлаушыларымен кездесті, онда Денисов ауданы әкімінің сайлауына ҚХП атынан үміткер ретінде Руслан Қатпаев сайлауға түсуде.
Сайлаушылар алдында сөйлеген сөзінде Ермұхамет Ертісбаев ҚХП - Қазақстандағы жалғыз социалистік партия екенін атап өтті. Ол Скандинавия елдері мен Қытай Халық Республикасында социалистік идеялардың сәтті жүзеге асып жатқанынан мысалдар келтірді. Сонымен қатар, ҚХП басшысы таяуда ҚХР-ға сапарлап, «Бір белдеу, бір жол» халықаралық форумына арнайы шақыртумен қатысқаны туралы айтып берді.
– Егер біздің кандидаттар жеңіске жетсе, біз жеке аудандарда социализм құратын боламыз, - деді Ертісбаев әзілдеп.
ҚХП басшысы аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауы Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отырған ірі саяси оқиға болып табылатынын, тиісінше, партия бұған зор мән беретінін атап өтті. Осыған дейін партия төрағасы Мамлют және Осакаров аудандарында болып, сайлаушылармен үгіт-насихат кездесулерін өткізген болатын.
– Сіздер 5 қарашадағы сайлауға түгел қатысып, бірауыздан бізді қолдасаңыздар тамаша болар еді, - деп мәлімдеді Ертісбаев.
– Өздеріңіз білетін біздің үміткер Руслан Қатпаев қазір аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарады, жергілікті барлық проблемалармен жақсы таныс және оларды шешу бойынша нақты жоспарлары бар.
Осы жерде ҚХП кандидаты өзінің сайлауалды бағдарламасын баяндады. Атап айтқанда, кандидат бағдарламасының басты басымдықтары ауыл арасындағы жолдар және демалыс инфрақұрылымын жөндеуге, аудан аумағындағы ауыл көшелерінің жарықтандырылуын қалпына келтіруге, білім және медицина саласындағы кадр тапшылығын жою үшін жас мамандарды тартуға, сондай-ақ ШОБ-ты қолдауға, жұмыссыздықпен күреске және жалпы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
– Мен осының бәрін сіздердің қолдауыңызға ие болғаннан кейін ғана жасай аламын, - деп атап өтті Р. Қатпаев.