
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы еліміздің алдағы даму бағытын айқындап берді. Мемлекет басшысының ұстанған саясаты көптеген тұста Қазақстан Халық партиясының бастамаларымен үндесіп жатыр.
Цифрландыру үдерісін жеделдету, инвесторлармен жұмыстың жаңа форматы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту, банк секторының тұтынушылық несие беруден нақты экономика салаларын қаржыландыруға көшуі, киберқылмыспен күрес, инфляцияны тежеу, атом электр станцияларын салу, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, агроөнеркәсіп пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту, жер және су ресурстарын тиімді пайдалану, транзиттік әлеует пен туризмді дамыту, мектеп қабырғасынан бастап экологиялық, технологиялық және құқықтық білім беруді күшейту, көші-қон үдерісін реттеу, ғылымды қолдаудың жаңа тетіктері, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру, бюджет қаржысын жөнсіз жұмсауға тосқауыл қою (әсіресе, жөндеуді қажет етпейтін тротуарларды жөндеу секілді негізсіз шығындарға), әлеуметтік және медициналық инфрақұрылымды жетілдіру, бұқаралық спортты дамыту, сондай-ақ бір палаталы Парламент құру – мұның бәрі бұған дейін Қазақстан Халық партиясы көтерген бастамалардың бір бөлігі ғана.
Мәжіліс депутаты, партияның Парламенттегі фракция жетекшісі Магеррам Магеррамовтың айтуынша, Президент Жолдауы – елдің болашақ бағытын айқындайтын негізгі құжат. Сондықтан атқарушы билік осы жолмен жүруге тиіс.
– Мемлекет басшысы бұл жолы Үкіметке өте байсалды, бірақ нақты ескерту жасады. Халық сенімін ақтау – биліктің басты міндеті. Ал біздің партия бүгінде Президент алға қойған міндеттерді жүзеге асыру бағытында нақты жұмыс істеп жатыр, – деді депутат.
Магеррамовтың пікірінше, алдағы уақытта жүзеге асатын парламенттік реформа – еліміздегі басқару жүйесінің біртіндеп дамуының заңды нәтижесі.
– Президент түбегейлі өзгерістерге емес, эволюциялық жолға басымдық беріп отыр. Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси стилі. Кенеттен жасалған төңкеріс тәрізді өзгерістердің қажеті жоқ. 2027 жылы референдум өтеді. Сол кезде Қазақстан азаматтары өз көзқарасын білдіре алады, – деді депутат.
Қазақстан Халық партиясы бір палаталы Парламент құрылымын қолдайды. Бұл ұстаным партияның сайлауалды бағдарламасында да көрсетілген. Сонымен қатар, депутат Магеррамов болашақта Парламент тек партиялық тізімдер арқылы жасақталатынына оң баға беріп отыр.
– Бұл – өте дұрыс қадам. Осы реформалар арқылы саяси партиялар атқарушы билікке кадр дайындайтын негізгі орталыққа айналуы тиіс. Болашақта министрлер мен әкімдер сол партиялардың өкілдері арасынан тағайындалуы қажет, – деді ол.
@halyk_partiyasy