
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашатын нақты экономикалық басымдықтарды айқындап берді. Енді бұл бағытта заң шығарушы органға ауқымды міндет жүктелмек.
Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың айтуынша, жаңа саяси маусымда Парламенттің басты назарында экономикадағы түйткілді мәселелер мен көптен бері қозғалмай келген заңнамалық салалар болмақ.
– Президент банктік секторға жаңа ойыншылар қажет екенін нақты айтты. Бұл бастаманы толық қолдаймын. Қазақстанға әлемдік тәжірибесі бар банктерді тарту арқылы тек капитал ғана емес, жаңа технологиялар мен сапа стандарттары келеді деп сенемін, – деді депутат.
Мәжілісменнің пікірінше, елдің геосаяси жағдайы, макроэкономикалық тұрақтылығы мен халықаралық қаржы орталығының болуы шетелдік ірі қаржы институттарын тартуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы айтқандай, инвестиция саласында саннан бұрын сапа маңызды. Үкімет тек көлем қуалап қана қоймай, нақты нәтиже беретін жобаларға басымдық беруі тиіс.
– Қазіргі таңда инвестициялық жобалардың көптігі емес, олардың тиімділігі мен елге берер пайдасы маңызды. Бұл бағытта стратегиялық көзқарас қажет, – деді Магеррамов.
Президент Жолдауында қозғалған тағы бір өзекті мәселе – мегаполистердің шамадан тыс жүктемеге ұшырауы. Астана мен басқа ірі қалаларда халық санының күрт артуы бірқатар әлеуметтік түйткілдерге себеп болып отыр. Олардың қатарында жұмыссыздық, инфрақұрылымның жетіспеуі, медицина қызметінің қолжетімсіздігі мен бюджет тапшылығы бар.
– Аймақтарға жасаған сапарларымыз кезінде ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған оңалту орталықтарының жетіспеуі жиі көтерілген мәселе болды. Әділетті мемлекет – бұл тең мүмкіндік беретін ел. Облыс орталықтары мен аудандарда денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту – уақыт талабы, – деді депутат.
Ал ел азаматтарын толғандырып отырған негізгі мәселенің бірі – инфляция. Әсіресе, азық-түлік пен күнделікті тұтынуға қажетті тауар бағасының шарықтауы халықтың сатып алу қабілетіне елеулі әсер етіп отыр.
– Азық-түлік бағасының өсуі тұрғындардың әл-ауқатының төмендеуіне әкеп соғады. Бұл – экономикалық емес, ең алдымен, әлеуметтік сенім дағдарысына жол ашады. Үкімет әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарын қайта қарап, нақты табыс өсіміне жетелейтін шешімдер қабылдауы қажет, – деп түйіндеді Магеррам Магеррамов.
@halyk_partiyasy