Қазақстандағы моноқалалардың мәселелері мен даму перспективаларын Қазақстан Халық партиясы «Халық аманаты» акциясы аясында талқылауда. Партия өкілдері осы тақырып аясында өңірлерде бірқатар іс-шара өткізіп, оған белсенділер мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Алматы облыстық филиалы Есік қаласында осы тақырыпқа арналған дөңгелек үстел ұйымдастырды. Шара барысында қатысушылар экономиканы әртараптандыру және бизнесті қолдау, жұмыс орындарын ашу және жастардың жаппай көшуін азайту шаралары, инфрақұрылымдық мәселелер мен экология, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы мен олардың тиімділігі сияқты маңызды мәселелерді талқылады.
– Шағын қалалардағы өмір сапасын жақсарту бойынша нақты ұсыныстар әзірленді. Шынайы өзгерістерге қол жеткізу үшін бірлесіп әрекет ету маңызды! – деді партиялықтар.
Қостанай облыстық филиалының өкілдері Рудный қаласында да «Шағын қалалардың болашағы: даму жолдары мен проблемаларды шешу» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Оған мемлекеттік органдардың басшылары, кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері мен қала тұрғындары қатысты.
– Кездесу барысында біз Рудный қаласының әлеуметтік-экономикалық даму бойынша негізгі жобаларымен, алдағы жылдарға арналған жоспарларымен танысып, соңғы жылдары қалада орын алған өзгерістерді талдадық, – деп атап өтті партия өкілдері.
Шығыс Қазақстан облысында талқылаудың негізгі тақырыбы Серебрянск қаласына арналды. Бұған дейін ШҚО-дағы ҚХП филиалы қала бойынша статистикалық деректерді мұқият жинап, талдау жүргізіп, халық арасында сауалнама өткізіп, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен кездесулер ұйымдастырған болатын.
– Бұл жұмыс барысында анықталған ең өткір мәселелердің бірі – 90-жылдары иесіз қалған, апатты жағдайдағы үйлерді бұзуға құқықтық негіздерінің болмауы. Бұл ескі ғимараттардың әлі де жеке меншік иелері бар, алайда олардың көпшілігі Қазақстаннан әлдеқашан көшіп кеткен, – деді партиялықтар.
ҚХП филиалы бұл ұзаққа созылған мәселені шешу үшін ШҚО жергілікті атқарушы органдарына ресми сұрау жолдауды жоспарлап отыр.
Ақмола облысында Степногорск қаласының болашағы талқыланды. Негізгі тақырыптар – демография, еңбек нарығы, инвестициялық ахуал, инфрақұрылым және экология болды. Кездесу нәтижелері тек проблемаларды ғана емес, оларды шешудің нақты қадамдарын да анықтады, сондықтан партия өкілдері болашаққа сеніммен қарайды.
– Степногорск – мүмкіндіктер қаласы! Біз маңызды өзгерістердің алдында тұрмыз. Енді бұл шешімдердің жүзеге асырылуы мен әрбір тұрғынның белсенділігіне көп нәрсе байланысты! – дейді олар.
Ал Батыс Қазақстан облысындағы ҚХП филиалы дөңгелек үстел өткізуге дайындық үстінде. Партия мүшелері Ақсай қаласының тұрғындарымен кездесіп, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.