Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Қазақстан Халық партиясы «Мәдени мұра» жобасы аясындағы іс-шараларын жалғастырып жатыр. Республика бойынша сенбіліктер мен саябақтарды көгалдандыру, викториналар, патриоттық сабақтар, спорттық жарыстар мен турнирлер өтуде. Бұл шаралар алдағы айтулы датаға арналып отыр.
Қостанай облыстық филиалының өкілдері жергілікті белсенділермен бірге «Соғыс күндерінің естелігі» атты QUIZ-ойынын ұйымдастырды. Оған Қостанай жоғары педагогикалық колледжінің АР-11-Б тобының студенттері қатысты. Ойын соңында бес команда алғыс хаттар мен марапаттарға ие болды.
– Бұл шаралар жастардың бойында тарихи жадыны сақтау мен отаншылдық сезімді қалыптастыруға бағытталған, – дейді ҚХП белсенділері.
Сондай-ақ, қостанайлық партия мүшелері Автомобиль көлігі колледжінің студенттері үшін Кеңес Одағының Батыры, аты аңызға айналған мерген қыз Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған викторина өткізді.
– Біздің жұмыс – жас ұрпақтың тарих, мәдениет, дәстүр мен құндылықтарға терең бойлауына мүмкіндік береді. Бұл өткен мен бүгіннің арасындағы байланысты тануға, ұлттық мұраны бағалауға және тарихи оқиғалардың маңызын сезінуге ықпал етеді, - дейді қостанайлықтар.
Сондай-ақ Қостанай облыстық филиалы «Жас Бүркіт» әскери-патриоттық клубының қолдауымен «Ұрпақтар жадындағы қаһармандар» атты тағы бір іс-шара өткізді. Ол да қазақтың батыр қызына арналды. Бұл шараға «Жауынгерлік бауырластық», «Тайфун» ардагерлер ұйымдары мен Қазақстанның әскери-патриоттық клубтар федерациясы қатысты. Колледж студенттерінен құралған «Сокол», «Кречет» және «Орлан» командалары эстафеталық жарыста өзара бақ сынады. Барлық қатысушылар жоғары нәтиже көрсетіп, дипломдармен, медальдармен және сыйлықтармен марапатталды.
Ақмола облыстық филиалы да Әлия Молдағұлованы еске алуға арналған шара өткізді. Облыстық көпсалалы оқу орнының қолдауымен әскери-патриоттық сайыс ұйымдастырылды. Қатысушылар Калашников автоматын жинау мен бөлшектеу, оқжатарды оқпен толтыру және жалпыәскери қорғаныс киімін жылдам кию сынды жаттығуларда шеберліктерін көрсетті. Жеңімпаздарға кубоктар, медальдар және грамоталар табысталды.
Іс-шараның ашылуында ҚХП Ақмола облыстық филиалының төрағасы Арман Тастанбеков сөз сөйлеп, елдің ерлікке толы өткені туралы естеліктерді сақтаудың маңызын атап өтті. Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты, отставкадағы полковник Мереке Жүсіпов жастарға жылы лебізін білдірді. Жарыс алдында қатысушылар Әлия Молдағұлованың өмірі мен ерлігіне арналған қысқаметражды деректі фильм тамашалады. Сонымен қатар, батыр қыздың мерейтойына орай музей соғыс жылдарына тиесілі бірегей көрмені ұйымдастырды: әскери форма, тұрмыстық бұйымдар мен замана артефакттары көпшілік назарына ұсынылды.
– Мұндай шаралар тек патриоттық рухты нығайтып қана қоймай, ұрпақтар арасындағы байланысты бекемдейді. Естеліктер нақты істер арқылы жаңғыртсақ қана мәңгі сақталады, - дейді партилықтар.