Әуе тасымалындағы инклюзия мәселесі

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы әлеуметтік тұрғыдан осал топтардың құқықтары жөніндегі уәкіл, Инклюзивті парламенттің өкілі Кенжеғұл Сейтжан Мәжілістегі әріптестерімен бірге халықаралық және ішкі әуе рейстерін орындайтын 30 әуе компаниясының өкілдерімен және Азаматтық авиация комитетінің басшылығымен кездесу өткізді.

Жиын барысында әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға жататын жолаушыларға (мүгедектігі бар азаматтар, қарттар, балалар, көпбалалы аналар және басқалар) әуе сапарында қолайлы жағдай жасау мен дұрыс қарым-қатынас орнату мәселесі сөз болды.

– Әлеуметтік осал топтардың өкілі ретінде мен өзім де әуе компаниялары қызметіндегі кемшіліктерге талай рет куә болдым. Сондықтан да мен үшін ең бастысы – ұшудың барша азамат үшін барынша қолжетімді әрі жайлы болуы. Әр адам өз бетімен саяхаттап, өзін қауіпсіз әрі сенімді сезінуге тиіс, қысым мен ыңғайсыздықты сезінбеуі керек, – деді Кенжеғұл Сейтжан.

Өкінішке қарай, бұл әзірге арман болып тұр. Мүгедектігі бар азаматтар ұшаққа отырғызу кезінде қатаң тексерістен өтеді, ал әуе ішінде тиісті, ақысы төлеген қызметтерін ала алмайды.

– Бұл жағдай көзі көрмейтіндерге де, тірек-қимыл аппараты бұзылғандарға да, есту қабілеті шектеулі жолаушыларға да қатысты, – деп түсіндірді депутат.

Мобильдігі төмен азаматтарға арнайы орындықтар қажет, алайда бізде, ең жақсы жағдайда, ескі, кеңес заманынан қалған арбалар ғана қолданылады. Көзі көрмейтін жолаушылар төтенше жағдайда әрекет ету бойынша толық нұсқаулық алмайды, қауіпсіздік ережелері Брайль қарпімен де берілмейді. Есту қабілеті бұзылғандар үшін сурдологиялық сүйемелдеу де жоқтың қасы.

Кездесуде мемлекет тарапынан субсидияланатын, бірақ іс жүзінде көрсетілмейтін қызметтер жайы да қозғалды. (Кенжеғұл Сейтжанның өзі бірнеше рет осы қызметтерді алуға тырысқан, бірақ әуе компанияларынан жауап болмаған.) Мәжілісмен шетелдік және ішкі рейстерде көрсетілетін қызмет сапасын салыстыра отырып, соңғысының әлдеқайда төмен екенін айтты.

– Біз ақша төлейміз, бірақ қызметті толық ала алмаймыз, – деп түйіндеді ҚХП депутаты.

Жиын барысында негізгі түйткілдер айқындалып, оларды шешу жолдары талқыланды. Сондай-ақ алдағы уақытта әр алты ай сайын осындай басқосу өткізіп, атқарылған істердің қорытындысын шығарып отыру жөнінде келісім қабылданды.

– Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында авиацияны барша азамат үшін қолжетімді әрі инклюзивті ете аламыз деп сенемін, – деді Кенжеғұл Сейтжан.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy