Қазақстан Халық партиясы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шараларды өткізуді жалғастыруда. Партия мүшелері мерейтойды игі істермен – сенбілік, ағаш отырғызу, жарыстар мен турнирлер ұйымдастыру арқылы атап өтуді көздеп отыр.
Алдағы мерекеге орай ҚХП Ақтөбе облыстық филиалы Ақтөбе қаласын абаттандыруға үлес қосты. Қалалық әкімдікпен келісім бойынша, партия белсенділері өздеріне бөлінген аумақта сенбілік өткізіп, терек көшеттерін отырғызды. Партия өкілдерінің айтуынша, бұл шара тек абаттандырумен ғана шектелмей, тәрбиелік мәнге де ие. Осындай нақты істер арқылы жас ұрпақ қаланың көркеюіне үлес қосуға, еңбек етуге үйренеді.
– Біз отырғызған теректерге күтім жасап, оларды баптаймыз, – деп уәде етті партия мүшелері. – Теректер жайқалып өсіп, қала тұрғындарының қуанышына айналсын.
Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілерімен тақырыптық сағат өткізді. Шараға клуб кураторлары, Ауған соғысы ардагерлері мен десантшылар одағының өкілдері қатысты. Іс-шара Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына арналды. Жиын барысында филиал өкілдері мен клуб тәрбиеленушілері батырдың өмірбаяны мен ерлігі жайлы баяндап берді. Жиналғандар қазақ халқының қаһарман қызының рухына тағзым етті.
Одан кейін жас сарбаздар өздерінің Отан қорғауға дайын екендігін нақты істерімен дәлелдеді – олар қару-жарақты жинап-шашу машығын көрсетіп, дене дайындығы деңгейін паш етті. Жарыс жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталды, ал үздік қатысушыларға кураторлар десантшылар беретын табыстады.