Қазақстан Халық партиясының пікірінше, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау – ынтымақтастыққа бастайтын маңызды қадам. «Халық Аманаты» жобасы аясында партияның аймақтардағы филиалдары ерекше балалармен жұмыс істейтін ұйымдар және мекемелермен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюда.
Атап айтқанда, Қостанай облыстық филиалы ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдаумен айналысатын бірнеше ұйыммен меморандум жасасты. Олардың қатарында «Сенім» психологиялық-педагогикалық түзету орталығы, Қостанай қаласындағы мүгедектігі бар балалардың аналар бірлестігі – «Радуга» ЖШС және «Amanat & K» білім беру кешені (бастауыш мектеп – ясли-бақша) бар. Құжатқа қол қойған тараптардың айтуынша, бұл меморандум азаматтық қоғам өкілдері, ата-аналар қауымдастығы, мамандар мен Қазақстан Халық партиясы арасында өзара іс-қимылды үйлестіруге жаңа мүмкіндіктер ашады.
– Ынтымақтастықтың мақсаты – ерекше білім беруді қажет ететін балалардың құқықтарын қорғау және оларды қолдау жүйесін дамыту. Мұндай бастамалар ерекше балалар үшін инклюзивті және қолдаушы орта қалыптастырып, олардың әлеуетін толық ашуға ықпал етеді, – дейді тараптар.
Сондай-ақ Қарағандыдағы партия филиалы Қарағанды облыстық №5 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясымен меморандумға қол қойды. Құжаттың басты мақсаты – ерекше білім беруді қажет ететін балаларды, соның ішінде аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларды қолдау үшін жағдай жасау. Бұл келісім аясында диагностика және балаларды білім беру ортасына бейімдеу бағытында кешенді шараларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.
– Біздің ынтымақтастығымыз инклюзивті білім беруді дамытуға және қоғамның аутизм спектрі бұзылыстары бар балалардың проблемалары мен қажеттіліктері туралы хабардарлығын арттыруға бағытталған. Бұл ерекше қажеттілігі бар балалардың өмір сапасын жақсартуға және оларды әлеуметтендіруге бағытталған маңызды қадам, – деп атап өтті меморандум қатысушылары.
Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы да ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау саласында жұмыс істейтін «Көмек» тренинг-орталығымен ынтымақтастық туралы меморандум жасасты. Аталған орталық 2015 жылдан бері ерекше қажеттілігі бар балаларға, оның ішінде аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларға көмек көрсетуде оң нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Орталық жетекшісі Ғалия Баязитова тараптардың бірлескен жұмысы ерекше балалар үшін қолайлы орта қалыптастыруға оң әсер ететініне сенім білдірді.
Өз кезегінде партия өкілдері ҚХП бастамашы болған «Ерекше қажеттіліктері бар балаларды, оның ішінде АСБ бар балаларды қолдау» жобасының мәнін таныстырды. Жобаның мақсаты – ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін білімге, медициналық және әлеуметтік қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ оларды қоғам өміріне интеграциялауға ықпал ету.