ҚХП фракциясы әлеуметтік жеңілдіктерді монетизациялауды ұсынды

dep.jpg

ҚХП фракциясы тағы да мүмкіндігі шектеулі азаматтарға берілетін әлеуметтік жеңілдіктерді монетизациялауды талап етті. Депутаттардың айтуынша, мемлекет мұқтаж жандарға гигиеналық, ассистивті және компенсаторлық құралдар алуға қомақты қаржы бөледі. Бірақ қазіргі жүйе бұл қаражатты халық емес, арадағы делдалдардың қалтасын толтыратын тетікке айналған.

Бұл мәселені Мәжіліс депутаты әрі Президент жанындағы әлеуметтік осал топтардың құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан көтерді. Оның сөзінше, әлеуметтік қызметтер порталы халыққа қызмет көрсететін жүйеден гөрі «таңдаулы сатушыларға арналған маркетплейске» айналып кеткен. Мұнда сапаға да, тұтынушы алдындағы жауапкершілікке де ешкім мән бермейді.

– Қажетті құралды өз бетінше таңдау мүмкіндігі жоқ. Оқитын құрылғы, мүгедектер арбасы, ортопедиялық аяқ киім секілді аса қажет дүниелерді ыңғайына қарай таңдап алу мүмкін болмай отыр, – деді ол.

Депутаттың айтуынша, Портал бірте-бірте «қолданылған тауарлар базарына» ұқсап барады.

– Қазір портал біртіндеп «қолданылған бұйымдар жәрмеңкесіне» ұқсап барады. Мүгедектігі бар адамдарға мемлекет қаржысына ескірген, сапасыз немесе бұрын пайдаланылған заттарды жаңа өнімнің бағасымен сатуда, – деп сын айтты ол.

Мәселе тек техникалық құралдарда ғана емес. Санаторийге жолдама, жөргек сияқты қарапайым гигиеналық заттардың өзі осы жүйе арқылы бөлінеді. Нәтижесінде, Портал арқылы алынған жөргектер көп ұзамай OLX секілді сауда алаңдарында қайта сатылып жатқанын да мысалға келтірді депутат.

Кенжеғұл Сейтжан жүйенің қызметіне күмән келтіріп: Бұл жүйе кімнің мүддесіне жұмыс істеп тұр? Неліктен мүмкіндігі шектеулі азаматтар тауарды тек осы порталдан алуға міндетті? Егер елімізде арнайы құралдарды өндіретін кәсіпорындар жоқ болса, онда неге тек делдалдар пайдаға кенелуі тиіс? деген сауалдар қойды.

– Қысқасы, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға берілетін құрал-жабдықтар бюджеттің есебінен қаржыландырылатын «лотереяға» айналды. Қолайлы тауар бұйырса жақсы, жолы болмай қалса сапасызын аласың, - деді депутат.

ҚХП фракциясы кемінде бірқатар жеңілдікті монетизациялауды (мысалы, ваучерлік төлем жүйесін енгізуді) ұсынып отыр. Бұл тәсіл арқылы азаматтар қажетті құрал мен гигиеналық затты Порталсыз-ақ өздері таңдап, тікелей сатып ала алады. Сондай-ақ әр өңірде мемлекет кепілдік берген тауарлар мен қызметтердің көрмелік павильондарын ашу қажет. Онда азаматтар тауарды өз көзімен көріп, сапасын тексеріп барып шешім қабылдай алар еді. Бұдан бөлек, депутаттар қазіргі әлеуметтік қызмет көрсету жүйесіне кешенді аудит жүргізіп, сыбайлас жемқорлық тетіктерін анықтап, жоюды талап етті.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy