Қазақстан Халық партиясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын түсіндіру жұмыстарын аймақтарда жалғастыруда. Партияның облыстық және қалалық филиалдары тұрғындармен кездесулер өткізіп, Президент айқындаған басым бағыттарды талқылап жатыр.
Түркістан облыстық филиалы «ЭнергоСбыт», «Талғат» серіктестіктерінің, Локомотив депосының еңбек ұжымдарымен және индустриалды-техникалық колледждің оқытушыларымен кездесу ұйымдастырды.


– Әсіресе экономика басқару жүйесін жаңғырту мәселесіне баса назар аудардық. Сондай-ақ бюджет тапшылығын азайту, жасанды интеллектіні құқықтық және этикалық тұрғыда реттеу, денсаулық сақтау саласының әлеуетін арттыру сынды бағыттар да талқыланды, – деді филиал төрайымы Зухра Қамбарова.



Кездесулерде мемлекеттік басқарудағы ашықтық пен тұрақтылықты арттыру, заң үстемдігін нығайту, қоғамды біртіндеп демократияландыру және азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдау ісіне қатысуын кеңейту мәселелері сөз болды.


Алматы қалалық филиалының өкілдері жобалау және құрылыс саласында еңбек ететін «САНА ЖОБАЛАУ» мен «StroyInvest» компанияларына барды. Мұнда құрылыс және қала құрылысына жасанды интеллект пен цифрлық платформаларды енгізу, «ақылды қала» тұжырымдамасы, «Алатау-Сити» жобасы, инженерлік жүйелерді жаңғырту және жаңа инфрақұрылымдық шешімдер талқыланды. Сондай-ақ қазіргі заманғы сәулет стандарттары арқылы халықтың тұрмыс сапасын көтеру жайы сөз болды.


Ақмола облыстық филиалының партия мүшелері «Мало-Тюктин орман шаруашылығы мекемесі», «ARB-СпецМонтаж» және «ШеберСпецмаш» кәсіпорындарының қызметкерлерімен кездесті. Олар цифрландыруға қатысты мемлекеттік бастамаларды, соның ішінде Жасанды интеллект министрлігін құру, цифрлық экономиканы дамыту жоспарларын түсіндіріп берді. Сонымен қатар әлеуметтік және экологиялық салаларды жаңғырту мәселелері қозғалды.

– Орман ресурстарын басқаруда инновациялық шешімдердің маңызы ерекше екені атап өтілді, – деді партия өкілдері.
Жетісу облысының филиалы «Visit Zhetysu» ұйымының қызметкерлерімен, жергілікті Әскери-техникалық мектептің курсанттарымен және «TeploStandart» қазандық зауытының жұмысшыларымен жүздесті. Филиал төрағасы Олжас Ибраимов Мемлекет басшысы айқындаған міндеттер ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, отандық өндірісті дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын айтты.


Қостанай облыстық филиалының мүшелері «МегаМельПром», Қостанай локомотив депосы және «Тазалық-2012» кәсіпорындарында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мұнда инфляциямен күрес, банк жүйесінің тиімділігін арттыру, парламенттік реформалар және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту жайы көтерілді.



– Бұл шаралардың барлығы экономиканы нығайтуға, халық тұрмысының сапасын жақсартуға және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған, – деді партия өкілдері.
@halyk_partiyasy