Магеррам Магеррамов: Үкімет мәселелерді шешуге мүдделі емес

dep.jpg

Үкімет өкілдері азаматтардың, соның ішінде депутаттардың да өтініштеріне ерекше салғырттық танытып отыр. Мұндай салмақсыз, немқұрайлы көзқарасты ҚХП парламенттік фракциясы анықтады. Фракция жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамовтың айтуынша, өңірлерге жасаған сапарлардан кейін Үкіметке 99 ұсыныс-хат жолданған. Алайда олардың бір бөлігіне тек формалды, мазмұнсыз жауаптар келген.

Мәжіліс депутатының сөзінше, дәрігерлердің шамадан тыс жүктемесін ескере отырып, есеп беру нысандарын реттеу және қысқарту жөніндегі сұраққа жауап ретінде уәкілетті орган: «Позиция не представлена» деп жауап берген. Медициналық қызметтердің тарифтерін жыл сайынғы инфляцияны ескере отырып индексациялау тетіктерін қарастыру туралы ұсынысқа да дәл осылай жауап қайтарған.

– Мұндай жауаптар бір-екеу ғана емес. Сонда Үкімет депутаттар көтерген мәселелер туралы біле тұра, оларды шешуге мүдделі емес пе? – деп сұрады депутат.

ҚХП фракциясының байқағанындай, уәкілетті органдар өз жұмысына өте үстірт қарайды. Мысалы, фракция тергеу изоляторында кадр тапшылығы, ал тергеу органдарында керісінше артық кадр бар екенін шұғыл шешуді қажет ететін мәселе ретінде көрсеткен. Бұл проблеманы шешу үшін фракция артық кадрларды тапшылық бар салаға уақытша жіберу тетігін ұсынған. Бірақ Үкімет тек жалпы сипаттағы анықтамалық ақпаратпен шектелген, мәселенің бар екенін мойындап, бұқаралық ақпарат құралдарында насихат пен ақпараттандыру арқылы профориентациялық жұмыстар жүріп жатқанын ғана жазған. Ал ҚХП ұсынған кадрларды уақытша ауыстыру туралы ұсыныс мүлде ескерусіз қалған.

– Мұның бәрі уәкілетті органдардың жауаптары тек формальды екенін көрсетеді. Депутаттар көтерген мәселелерге немқұрайлы қарау байқалады. Егер депутат қарапайым сұраққа да нақты жауап ала алмаса, қарапайым азаматтардың өтініштері туралы не айтуға болады? – деді ҚХП депутаты.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy