Қазақстан Халық партиясы жастар арасында жұмысшы мамандықтарын насихаттау мақсатындағы ақпараттық жұмысын жалғастырып келеді. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында партия белсенділері «Еңбек адамы» акциясын жүзеге асыруда. Бұл бастама шеңберінде өңірлердегі партия филиалдары жоғары оқу орындары мен колледж студенттері үшін өз кәсібін дөңгелетіп, өндірісін өркендеткен кәсіпкерлермен кездесулер ұйымдастырып, өндіріс орындарына экскурсиялар өткізуде. Сонымен қатар студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне жағдай жасап, түрлі кәсіпорын ұжымдарымен кездесіп, үздік қызметкерлерге алғыс хаттар табыстап жүр.
Мәселен, Ұлытау облысындағы партия филиалы Жезқазған қаласындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы басқарушы компания ұжымымен кездесу өткізді. Ал Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы И. Дәутов атындағы қызмет көрсету колледжінің студенттерімен бірге «Sens Fashion» тігін кәсіпорнында өндірістік тәжірибе барысына қоғамдық мониторинг жүргізді. Бұған дейін кәсіптік бағдар беру жұмысы аясында студенттер мен кәсіпорын басшысының орынбасары Виктория Сокиркомен кездесу ұйымдастырылған болатын. Кездесуден кейін студенттер тігін цехтарын аралап шықты.
– Осы сапардың нәтижесінде студенттерге ақылы тәжірибе ұйымдастыру жөнінде келісім жасалды. Қазіргі таңда 8 студент тігін өндірісінің барлық технологиялық кезеңінен өтіп, таңдаған кәсібіне деген қызығушылығын және кәсіби ынтасын көрсетуде, - деді партиялықтар.
«Sens Fashion» кәсіпорны әлеуметтік жауапкершілігі жоғары бизнес үлгісін танытып отыр. Мұқтаж және көпбалалы отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетіп, қызметкерлеріне әлеуметтік пакет, тегін тамақ және Түркияға жолдама секілді ынталандырулар ұсынып келеді. Партияның СҚО филиалы компания басшылығына ризашылық білдіріп, кәсіпорынның өңірдегі жеңіл өнеркәсіптің дамуына және халықты жұмыспен қамту ісіне қосып отырған үлесін атап өтті.