Құқықтық тәрбие назардан тыс қалып бара ма?

dep.jpg

Заң нормалары жағдайды жақсартуға бағытталуы тиіс. Алайда Қазақстанда құқықтық тәрбиені енгізу туралы бастама көтеріліп жатқан тұста, тиісті министрліктер осы бағыттағы бұрыннан бар негіздерді жойып жатқандай әсер қалдырады.

Бұл мәселеге Мәжілістегі жаңа «Құқық бұзушылықтың профилактикасы туралы» заң жобасының таныстырылымы кезінде Қазақстан Халық партиясының депутаты Кенжеғұл Сейтжан назар аударды. Ол бірнеше жыл бұрын университетте оқып жүрген кезінде «Мемлекет және құқық негіздері» пәні барлық мамандық үшін міндетті болғанын, кейінірек өзі де бұл пәнді орта және жоғары сынып оқушыларына жүргізгенін еске салды. Ал қазір оқушылар мен студенттердің көпшілігіне құқықтық сауат жүйелі түрде үйретілмейді.

– Бұл стандарттар не себепті өзгертілді, пәндер неге оқу бағдарламасынан алынып тасталды? – деп сауал жолдады депутат Оқу-ағарту және Ғылым және жоғары білім министрліктерінің өкілдеріне.

Алайда шенеуніктер бұл сұраққа нақты жауап бере алмады. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілі құқықтық тәрбие тек оқу процесі аясында ғана емес, сыныптан тыс іс-шаралар арқылы да жүргізілетінін алға тартты. Мәселен, осы бағытта 34 сынып сағаты өткізілген. Сонымен қатар, құқықтық тақырыптар «Құқық негіздері» (10–11-сыныптар), «Жаһандық құзыреттер» (5–9-сыныптар), және «Дүниетану» (бастауыш сыныптар) пәндері шеңберінде қамтылады. Ал оқушылардың құқықтық сауаттылығы арнайы мониторинг арқылы тексеріледі.

– Жалпы нәтиже жаман емес, балалар өз құқығы мен міндеттерін біледі. Бүгінде шамамен 86% оқушы бұл сұрақтарға жауап бере алады, – деді министрлік өкілі.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі болса, жоғары оқу орындарындағы академиялық еркіндік пен жаңа білім беру стандарттарын алға тартты.

– Дегенмен, «Мемлекет және құқық негіздері» пәні ЖОО-ларда таңдау курсы ретінде оқытылады, – деді ол.

Кенжеғұл Сейтжан бұл пәнді міндетті етіп, заң арқылы бекіту мүмкіндігін сұрады. Ал заң жобасының әзірлеушісі, Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха бұл деңгейде нақтылап жазу заң жобасын тым күрделендіріп жібереді деген пікір білдірді.

– Мұндай нормаларды заңға емес, салалық министрліктер әзірлейтін қосалқы нормативтік актілерге енгізген дұрыс болар еді, – деп ұсынды ол.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy