Балаларды қорғау күні мемлекеттік мейрамға айналуы мүмкін. Қазақстан Халық партиясы фракциясының мүшесі Кенжеғұл Сейтжанның бастамасына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осылай жауап берді. Депутат ведомствоға фракция атынан арнайы сауал жолдап, мейрам күндерін алдын ала жоспарлауды және 1 маусым – Балаларды қорғау күнін мемлекеттік мейрам ретінде бекітуді ұсынған болатын.
– ҚХП фракциясы Үкімет пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне алдағы екі жылға арналған демалыс күндерінің кестесін алдын ала бекітіп отыруды ұсынып отыр. Бұл отандық кәсіпорындарға өндірістік жоспарларын тиімді үйлестіруге мүмкіндік беріп, қазақстандықтардың еңбек демалысын немесе отбасылық іс-шараларын алдын ала жоспарлауына жағдай жасайды, – деді Кенжеғұл Сейтжан.
Сонымен қатар депутат Балаларды қорғау күнін ресми түрде мемлекеттік мейрам ретінде белгілеуді де ұсынды.
– 1 маусымда тойланатын бұл күн ендігі мемлекеттік деңгейде атап өтуге лайық. Мұндай шешім мемлекеттің балалар қауіпсіздігі мен амандығын қамтамасыз етуге басымдық беретінін айқын көрсетеді, – деді депутат.
Алайда министрлік демалыс күндерін алдын ала екі жыл бұрын белгілеу бастамасын қолдамады.
«...Демалыс күндерін ауыстыру алдағы күнтізбелік жылға ғана жоспарланады. Бұл шешім жұмыс және мереке күндерінің сәйкес келуіне, сондай-ақ елдегі экономикалық, саяси немесе санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты қабылданады. Сондықтан қазіргі тәртіп – ең тиімді нұсқа», – делінген министрліктің жауабында.
Ал Балаларды қорғау күнін мемлекеттік мейрам ретінде белгілеу ұсынысы қолдау тапты.
«...Аталған мейрам ата-аналар мен балалардың бірге уақыт өткізуіне, мәдени, тәрбиелік және қоғамдық іс-шараларға қатысуына мүмкіндік береді. Бұл баланың өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінуіне, жанұясымен бірге болудың маңызын сезінуіне ықпал етеді», – делінген министрлік жауабында.