
Мектеп пәндері біріктірілмейді. Бұл туралы жуырда Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді. Бұған дейін жаңа мемлекеттік білім беру стандарты аясында химия, физика және биологияны біріктіріп «табиғаттану» пәнін, дүниежүзі тарихы мен құқық негіздерін біріктіріп «әлеуметтік ғылымдар» пәнін, алгебра мен геометрияны біріктіріп «математика» пәнін жасау ұсынылған еді. Бұл жаңалық ата-аналар тарапынан теріс реакция тудырған.
Алматы қаласында өткен II Халықаралық жас ғалымдар конгресінде министр Жұлдыз Сүлейменова ведомствоның шешімін түсіндірді.
– Қазіргі уақытта физика, химия және биологияны біріктіру идеясы белсенді талқыланып жатыр. Оқу-ағарту министрлігі өз позициясын нақты білдірді: бұл пәндер біріктірілмейді. Физика – физика болып қалады, химия – химия, биология – биология, - деді министр.
Сүлейменова мектеп оқушыларына негізгі ғылыми пәндерді терең және жүйелі меңгеру үшін толық жағдай жасау қажет екенін атап өтті.
– Пәндерді біріктіру реформасы бүгіннен бастап тоқтатылды. Қайталап айтамын, физика, химия және биология жеке пән мәртебесін сақтап, жеке пәндер ретінде оқытылады, - деді ол.
Қазақстан Халық партиясының депутаты, көпжылдық тәжірибесі бар педагог Ирина Смирнова бұл шешімді толық қолдайтынын айтты. Енді қалғаны – дау тудырған бастаманың авторын анықтау.
– Алтынсарин атындағы Білім академиясының бұрынғы құрамы физика, химия, биологияны аз сағатпен ортақ пәнге біріктіруді, алгебра мен геометрияны аз сағатпен математика деп біріктіру идеясын ілгерілеткенде, бұл ұсынысты кімнің тапсырысы бойынша жасалғанын білгіміз келеді, – деді депутат.
Сонымен қатар, география пәніне қатысты мәселе де әлі нақтыланбай отыр. Бұған дейін білім басқармасының қызметкерлері жаңа бағдарламаны жасап, онда географиялық картамен жұмысты алып тастаған, ал сабақ саны аптасына бір сағатқа дейін қысқарған.
– География да маңызды, оны жеке пән ретінде оқыту керек! Барлық бөлімдер – физикалық, экономикалық және т.б. – өз орындарын сақтауы тиіс, - деді депутат.
@halyk_partiyasy