
ҚР Ішкі істер министрлігінде өткен Үкімет сағатында Мәжіліс депутаттары еліміздегі қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Мәжіліс Төрағасының орынбасары Дания Еспаева өз сөзінде азаматтардың қауіпсіздігін сақтау мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету – кешенді мәселе екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл салада негізгі міндет құқық қорғау органдарына жүктеледі.
– Парламент заң шығарушы орган ретінде елдегі заң мен тәртіпті нығайтуға өз үлесін қосып келеді. Соңғы жылдары депутаттар тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, қылмыстық заңнаманы күшейту бағытында ауқымды жұмыс атқарды, – деді вице-спикер.
Жиын барысында ішкі істер министрі Ержан Саденов қылмыспен күрес бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесімен бөлісті. Оның айтуынша, қазіргі таңда елдегі криминогендік ахуал тұрақты. Тәуелсіздік алған жылдардан бері қылмыс деңгейі екі есеге азайған, ал кісі өлтіру фактілері 4,5 есеге қысқарған.
– Бұл нәтижеге жүйелі профилактикалық жұмыстың арқасында қол жеткіздік. Биыл да оң үрдіс жалғасып отыр. Қылмыс саны 7 пайызға, яғни 6 мыңнан астам жағдайға азайған. Атап айтқанда, кісі өлтіру, ауыр дене жарақатын салу, қарақшылық, тонау, бұзақылық, ұрлық, бұрын сотталғандармен, қоғамдық орындарда, көшеде және атыс қаруын қолдану арқылы жасалатын қылмыстар саны азайды, - деді министр.
Қылмыстың алдын алу тақырыбына қатысты пікірін Мәжілістегі Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, осы бағыттағы заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов та білдірді.
– Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын тиімді жүргізбейінше мүмкін емес. Біз заң шығарушылар ретінде қазіргі таңда осы бағыттағы жұмыстарды формальді емес, нақты нәтиже беретін механизмдерге айналдыруға күш салып жатырмыз, - деді депутат.
Оның айтуынша, бұл істе ІІМ, прокуратура, жергілікті атқарушы органдар және азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылдың маңызы ерекше.
@halyk_partiyasy