Міндеттер бекітілді. Ал олардың шешімін атқарушы билік бұл міндеттерді уақытылы әрі тиімді жүзеге асыра ала ма? ҚХП фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтан ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзіне қатысты пікір сұраған едік.
Мәжіліс депутаты атап өткендей, жиында Қазақстанның экономикалық салаларын дамытуға бағытталған бірқатар маңызды шешімдер қабылданды.
«Мемлекет басшысы Үкіметке инвестициялық бағыттағы жұмысты күшейту қажеттігін айтып, елімізге сапалы инвестиция қажет екенін атап өтті. Мен мұны қолдаймын және бұл ел экономикасының табысты дамуының маңызды факторы деп есептеймін», - деп атап өтті Магеррамов.
Депутат Үкіметке инвестициялық саясаттағы тәсілдерді қайта қарау бойынша нақты тапсырмалар берілгеніне тоқталды. Яғни, соңғы нәтижелердің тиімділігін қамтамасыз ете отырып, сандық көрсеткіштерден сапалық көрсеткіштерге көшу міндеті қойылды.
«Мемлекет басшысы жақын көршілерімізбен экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруді тапсырды. Менің ойымша, бұл міндеттерді жүзеге асыру өңірлік нарықтардағы экспортты белсенді дамытуға, сондай-ақ көршілес елдердің экономикалық әлеуетін пайдалануға мүмкіндік береді», - деді Магеррамов.
Мәжіліс депутаты мемлекет басшысының бұл тапсырмасы экономикалық прагматизмді қамтиды және Қазақстанның ұзақ мерзімді мүдделерін қамтамасыз етеді деп санайды. Оның үстіне бұл жерде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де өз рөлін атқаруы керек. Экономикалық бөлімдермен біріге отырып ол жаңа нарықтарды анықтап, экономикалық өсудің жаңа нүктелерін құруы және елдің экономикалық әлеуетін арттыру мақсатында қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруы керек.