Президент Жолдауы: Экономикалық дамудың жаңа дәуірі басталды!

dep.jpg ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 8-сайланған Парламенттің II-сессиясының ашылуында дәстүрлі Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.

Сөз басында Мемлекет басшысы нәтижелі қызметі үшін Парламент депутаттарына алғысын білдірді.

«Саяси партиялардың фракциялары, бір мандатты округтан сайланған депутаттар да жұмысқа белсене кірісті. Олар көптеген заң жобасына бастамашылық етіп, өзекті мәселелерді батыл көтере бастады», – деп атап өтті Қ.Тоқаев.

Президент аз уақыт ішінде Қазақстанға саяси реформаларды терең және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен ұштастыру қажеттігін атап өтті.

– Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар, – деді Мемлекет басшысы. – Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек.

Ел Президентінің айтуынша, мемлекетіміздің жаңа экономикалық бағытының айқындаушы қағидаттары – әділдік, инклюзивтілік және прагматизм. Ол елдің бәсекелестік артықшылықтарын тиімді пайдалануға, өндірістің негізгі факторлары – еңбек, капитал, ресурстар мен технологиялардың әлеуетін ашуға негізделеді. Айрықша айтарымыз, Президент талабы алдағы үш жыл ішінде толық орындалуы керек.

Демек, мемлекет алдында қандай міндеттер тұр? Өңдеу секторының жедел дамуы, мемлекеттік сатып алудың жаңа қағидаттары және отандық өндірушілерді қолдау, тау-кен секторын жаңғырту. Бұдан өзге әскери кешенді нығайту және АӨК-ті дамыту мәселесі де күн тәртібіне қойылып отыр. Одан қалса, индустриялық және коммуналдық инфрақұрылымды жөндеу, энергетикадағы тарифтік саясатты жетілдіру жайын да сөз етті Президент. Ал Қазақстанда АЭС салу мәселесі жалпыұлттық референдумда айқындалатынын айтты Мемлекет басшысы.

Елімізде ауыз су мен суармалы судың қолжетімділігі мәселесін шешу үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі, ал көліктік-логистикалық әлеуетті дамыту мақсатында Көлік министрлігі құрылатын болады. Одан қалса, алдағы уақытта IT-технологияларды дамытуға ерекше назар аударылады. Президент экономика және жұмыспен қамтуды дамытудың жарқын жолы – креативті индустрия деп атады. Ол – медиа, кино, музыка, дизайн, білім және т. б.

Шағын орта бизнесті дамыту, бизнес-ахуалды жақсарту, инвестициялық және кредиттік банк саясатын жетілдіру, қор нарығын кеңейту – бұл Мемлекет басшысы айтқан тармақтардың бір парасы ғана. Алда өңірлердің дербестігін арттырудан бастап, салықтық жеңілдіктерді ретке келтіру, бюджет саясатын елеулі трансформациялау күтіп тұр.

– Азаматтардың мүддесі мен сұранысы – Қазақстанның экономикалық даму стратегиясының өзегі, – деп астын сызып атады Президент: – Яғни, адамның қажеттілігі әрдайым басты назарда болады.

Бұл дегеніміз – алаңсыз балалық шақ және әр баланың сапалы білім алуына жағдай туғызу. Сондай-ақ, Жолдауда өндірістік жарақаттың алдын алу, ауыр және қауіпті өндіріс қызметкерлерін қолдау және ең төменгі жалақы деңгейін арттыру мәселесі де айрықша аталды.

Жаңа экономикалық саясатты іске асыру үшін жауапкершілік министрлер мен әкімдердің мойнына жүктеледі. Сонымен қатар, қазір олар көптеген мәселелерді өз бетінше шешуге мүмкіндік алды. Енді алдағы уақытта азаматтардың саяси шешім қабылдауға тікелей араласуы да күшейе түседі. Осы арқылы аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін халық сайлайды.

– Қазір қоғамда жаңа әдіс-тәсілдерге, жаңа идеяларға, жаңа кадрларға деген сұраныс аса жоғары, – деп нақтылады Тоқаев. – Демек, кадр мәселесін міндетті түрде қолға алуымыз керек, сапалы мамандар тәрбиелеу қажет. Бұл ретте саяси партиялардың кадрлық әлеуетін де пайдаланған жөн.

Жолдауды қорытындылай келе, Мемлекет басшысы экономиканы жаңғыртуды әрбір қазақстандықтың қоғамдық санасын жаңғыртудан бастау қажеттігін айрықша атап өтті.

– Ешкім де сырттан келіп, Қазақстанды көркейтіп жібермейді, – деп түйіндеді ойын Тоқаев. – Ол үшін еліміздің әрбір азаматы заман талабына сай болуға тиіс.

Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов Президент ұсынған Жолдауды жалпыұлтты игілікке бастаған ауқымды бағдарлама деп атады.

– Мемлекет басшысы қазір найқалып-шайқалатын уақыт емес екенін айрықша айтты, – деп атап өтті Магеррамов. – Алдағы үш жылда біз экономикалық серпіліс жасап, нақты нәтижеге қол жеткізуіміз керек.

Мәжілісмен бұл қадам ел экономикасын түбегейлі өзгертуге бағытталғанын айтты. Ең бастысы, үкіметтен дербес шешім қабылдау мен жаңашылдық талап етілетін болады.

– Президенттің саяси партиялардың кадрлық әлеуетін пайдалануды ұсынғаны өте дұрыс шешім, – деді депутат. – Егер партия агро өнеркәсіп саласында жұмыс істесе, онда оны аталмыш саланы реформалауға тарту қажет. Ал біздің партиямыз әлеуметтік салаға маманданған, онда бұл әлеуетті де пайдалану керек.

Магеррамовтың пікірінше, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жаңа экономикалық саясатты енгізудің ауқымды процесі бүкіл қоғамға әсер етеді. Жолдаудың бағыт-бағдары көп жағдайда ҚХП жүзеге асыратын бағдарламасымен үндеседі.

– Біз Инвестициялық саясат – сапаға, түпкілікті нәтижеге жұмыс істеуі тиіс деп айттық, – деп түсіндірді мәжілісмен. – Біз экономиканың әлеуметтік бағдарлануы, есептеу әдістемесін өзгерту және ЕТЖ көлемін ұлғайту қажеттілігі туралы да сөз еттік. Тіпті, Парламентте осы тақырыпта дөңгелек үстел өткіздік. Бұл біздің партия мен жаңа экономикалық саясатымыздың өзара үндестігін көрсетіп тұр. Сондықтан біз Президенттің ұсыныстарын толық қолдаймыз.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy