ҚХП депутаты Тараздағы арнайы мектеп-интернаттың жұмысымен танысты

Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаттары дәстүр бойынша өңірлерге шығып, халықпен кездесу ұйымдастыруды жалғастыруда. Депутаттар еңбек ұжымдары мен мекемелерді аралап, азаматтарды жеке қабылдайды.

Мәжіліс депутаты, ҚХП фракциясының мүшесі Президент жанындағы әлеуметтік осал топ өкілдерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан Тараз қаласына барды. Сапар барысында ол «Болашақ» №2 арнайы мектеп-интернатының қызметкерлері және тәрбиеленушілерімен кездесті.

– Біз инклюзивті білім беру мәселелеріне, балаларды оқыту және тәрбиелеу жағдайларына ерекше назар аудардық. Сонымен қатар, ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс істейтін мамандарды қолдау жайлы әңгімелестік, - деді депутат.

1

Мектеп директоры Эльмира Жақсылықова мекеменің қызметі туралы толық баяндама жасады. Ол оқушылардың жетістіктеріне тоқталып, спорттағы табыстарын, пәндік олимпиадалар мен республикалық конкурстарда жүлделі орындар алғанын атап өтті. Жамбыл облыстық Білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков осындай мекемелерге көрсетіліп жатқан қолдау шаралары мен өткізілетін іс-шаралар туралы айтып берді. Сонымен қатар, ол арнайы және инклюзивті білім беру саласында жұмыс істейтін мамандарға қолдау көрсету мәселелерін сөз етті.

Өз кезегінде, Кенжеғұл Сейтжан мектеп ұжымын велоспорт жаттықтырушысымен таныстырды. Болашақта ол мектеп-интернат оқушыларымен жаттығулар жүргізетін болады. Жаттығу үшін қажетті спорттық құрал-жабдықтар сатып алу жоспарлануда. Депутат кездесуді өте жемісті деп бағалады.

– Өңірлерге барып, жұмыс істеу нақты жағдайды көріп, шешімдерді тікелей диалогқа сүйене отырып қабылдауға мүмкіндік береді, – деді депутат-омбудсмен.

Сонымен қатар, Кенжеғұл Сейтжан, Мәжілістегі экология және табиғатты пайдалану комитетінің өкілі ретінде, Жамбыл облыстық Экология департаментінде іс-шара өткізді. Департамент басшысы Нұржас Нұрболат депутатқа атқарылған жұмыстар туралы есеп берді, ал оның орынбасары Байбатыр Мұсабек өңірдің қазіргі проблемалары мен экологиялық саладағы қол жеткізген нәтижелерді баяндады. Табиғатты пайдалану және ресурстар басқармасының орынбасары Медет Үрстенов қалдықтарды қайта өңдейтін полигондар мен басқа да жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы әңгімеледі.

Энергетика және ТҮКШ басқармасының орынбасары Дамир Тұңғатов облыстағы елді мекендерді көгалдандыру жұмыстары мен «Жасыл Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан шаралар жайлы хабарлады. Табиғатты қорғау прокуратурасының қызметкері Сағынтай Айтжанов қоршаған ортаны қорғау және бақылау саласындағы жұмыстар туралы баяндады. Кездесу барысында үкімет деңгейінде шешуді қажет ететін мәселелер де айтылды. Депутат оларды жеке бақылауына алуға ниет білдірді.

2

– Кездесу іскерлік әрі конструктивті атмосферада өтті. Басым бағыттар белгіленіп, өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту бағытында келесі қадамдар жоспарланды, - деді Кенжеғұл Сейтжан.

3


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy