ҚР Парламенті Мәжілісі күзет қызметі саласындағы заңнаманы жетілдіру бағытында жұмыс істеп жатыр. Осы мәселеге байланысты Парламенттегі Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының басшысы Магеррам Магеррамов «Kazinform» ақпарат агенттігіне сұхбат берді.
Мәжілісменнің айтуынша, заң жобасы күзет қызметтерінің сапасын арттыруға және бұл саланы жеке кәсіпкерлік түрі ретінде дамытуға ықпал етуді көздейді.
Атап айтқанда, заңнамаға жаңа талап енгізіледі: егер заңды тұлғалар (мысалы, жеке күзет ұйымдары) өз қызметін уақытша тоқтатса, олар 10 жұмыс күні ішінде қару мен оқ-дәрілерін ішкі істер органдарына тапсыруға міндетті болады.
– Бұған дейін заңнамада мұндай талап болмағандықтан, жұмысын тоқтатқан күзет ұйымдарының қаруы қайда екенін ешкім білмейтін, – деп түсіндірді Магеррамов.
Сонымен қатар, депутат жаңа заң жобасы ойық ұңғымалы қарудан міндетті түрде сынақ оқ ату рәсімі енгізілетінін атап өтті. Бұл шара мемлекеттік оқ-дәрі базасын қалыптастыру үшін қажет. Аталған база белгілі бір қарудан атылған оқтар мен гильзалардағы іздер туралы ақпаратты сақтайды. Бұл – оқ пен гильза үлгілері жинақталатын архив іспетті. Егер қару ұрланса немесе қылмыс жасауға пайдаланылса, сарапшылар оның моделін анықтап, иесін тауып, оқ ату тарихын қадағалай алады.