
Қазақстан Халық партиясы фракциясы еліміздегі қоғамдық пікір лидерлерін шетелдіктердің қаржыландыруы мәселесін тағы да көтерді. Депутаттардың айтуынша, қазіргі жағдай ақпараттық егемендік пен ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіреді.
ҚХП фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов жуырда Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында шетелден қаржы алушылардың тізілімі жарияланғанын еске салды. Онда көрсетілгендей, елдегі 186 жеке және заңды тұлға – қоғамдық белсенділер, құқық қорғау ұйымдары, медиа құрылымдар және шетелдік ҮЕҰ-лардың өкілдіктері – тұрақты түрде шетелден қаржы алып отыр. Алайда нақты қанша қаржы алғаны белгісіз. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, бұл сома жылына шамамен 60 миллион долларды құрайды.
– Бұл қаржы қайда және қандай мақсатқа жұмсалып жатыр? Елімізде кейбір тұлғалар осыншама қомақты қаржыны алып отырып, оның нақты қай бағытқа кететінін ешкімнің бақыламайтыны қалай? – деді Магеррамов.
Депутаттың айтуынша, қазіргі реестр – жай ғана фактіні тіркеу. Шетелдік донорлардың атаулары, қаражаттың қозғалыс бағыты, сондай-ақ бөлінген ақшаның нақты мақсаттары белгісіз күйінде қалып отыр. Яғни бұл ашықтықты қамтамасыз ететін құрал емес, тек соның көрінісі ғана.
– Реестрге тек тізбектің алғашқы буындары ғана кіреді. Қаражат алдымен шетелдік ұйымдардың филиалдарына түседі, одан кейін ел бойынша екінші деңгейлі гранттар түрінде қайта бөлініп кетеді. Ал қоғаммен тікелей жұмыс істейтін негізгі алушылар мүлде тасада қалады, – деді депутат.
Оның айтуынша, осындай заңнамалық олқылық үлкен «сұр аймақты» қалыптастырып, жасырын операцияларға қолайлы орта туғызады. Бұл схема маңызды әлеуметтік бастамаларды қолдауға да, сондай-ақ азаматтардың санасына теріс ықпал етуге де қолданылуы мүмкін. Яғни, теріс идеологияны насихаттау, ұлттық немесе әлеуметтік алауыздық тудыру, қоғамдағы тұрақтылықты бұзу сияқты әрекеттерге бағытталуы ықтимал.
– Шетелден қаржы алатын кейбір белсенділердің мемлекеттен ашықтық талап етуі, ал өзінің қаржыландыруын құпияда ұстауы – парадоксжәне екіжүзділік. Бұл – нағыз ақпараттық соғыс. Біздің егемен даму жолымызды шетелдік гранттар арқылы сатып алуға талпыныс, – деп атап өтті Мәжіліс депутаты.
ҚХП фракциясы шетелдік қаржыландыру туралы ақпараттың ауқымын түбегейлі кеңейтетін заңнамалық түзетулерді жедел әзірлеуді талап етті. Донорлардың атын және әр келісім бойынша нақты сомаларды көрсету, бөлінген қаражаттың мақсаты мен күтілетін нәтижелерді толық жариялау, атқарылған жұмыстар жөніндегі есептерді ұсыну міндетті болуы тиіс. Сондай-ақ жалған немесе толық емес ақпарат беру, қаржыны жасыру үшін жауапкершілікті күшейту ұсынылды.
– Бұл мәселедегі ашықтық – бюрократия емес. Бұл – біздің халқымызға кім және қандай мақсатпен шетелдік қаржы арқылы үн қатқысы келетінін білуге деген құқығымыз, – деді ол.
@halyk_partiyasy