Инклюзивті орта қалыптастыру – маңызды міндет

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан сайлаушылармен кездесу үшін жұмыс сапарымен Шымкент қаласына барды. Бұған дейін мәжілісмен әрі омбудсмен осындай сапармен Тараз қаласында болған еді.

Шымкентте К.Сейтжан «Ten qogam» әлеуметтік қолдау орталығына және «Белсенді ұзақ өмір» орталығының филиалына барды. Іс-шара барысында осыған ұқсас орталықтардың жұмысы, әлеуметтік қолдау тетігі, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен зейнет жасындағы тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасы талқыланды.

1

Көру қабілетінен айырылған ҚХП депутаты бұл мекемелерде кеңістіктің қалай ұйымдастырылғанын, ерекше қажеттілігі бар тұтынушылармен жұмыс қандай деңгейде жолға қойылғанын және орталықтар мүгедектігі бар келушілерге қаншалықты бейімделгенін тексерді.

2

– Бұл жерде есеп емес, адамдарға ыңғайлы ма, түсінікті ме, қолайлы ма деген сезім маңызды, – деп түсіндірді партия өкілі. – Дәл осылай инклюзия формалдылықтан шығып, нақты тәжірибеге айналады.

3

К. Сейтжан сол жерде қолжетімді ортаның элементтері қалай жұмыс істейтінін, оның ішінде көзі көрмейтіндерге арналған тактильді плитканың, Брайль қарпімен жасалған бағыттаушы жазбалардың және қажетті дыбыстық сүйемелдеудің бар-жоғын тексерді. Жалпы алғанда, кеңістікті және қызмет көрсетуді ұйымдастыру тәсілі мейманға жағымды әсер қалдырды.

– Мұндай шешімдер «есеп үшін» емес, нақты өмірде жұмыс істеу үшін қажет. Адамның келуі, бағдарын табуы және қызмет алуы маңызды – деп атап өтті депутат.

Сонымен қатар Кенжеғұл Сейтжан Шымкент қаласындағы мүгедектігі бар адамдарға арналған №19 спорт мектебінің ұжымымен кездесті. Әлеуметтік бейімдеу және мүгедектігі бар тұлғаларды спорт арқылы қоғамға интеграциялау бастамасына ерекше көңіл бөлінді. Кездесуде мүгедектігі бар адамдарға арналған спорттық инфрақұрылымның жай-күйі, инклюзивті спортты дамыту, ерекше қажеттілігі бар спортшыларды даярлау жүйесі, жаттықтырушылардың еңбек жағдайы және мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігі мен тиімсіздігі талқыланды.

4

5


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy