кадр из видео
Психикалық денсаулық сақтау жүйесін реформалау қажет. Қазақстан Халық партиясының депутаты Ирина Смирнова ORDA.kz интернет-порталына Астанада болған оқыс оқиғаға қатысты осындай пікір білдірді. Еске сала кетейік, күні кеше елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде психикалық дертке шалдыққан жасөспірім лифтте бес жасар балаға шабуыл жасап, баланың бетін пышақпен тілгілеп тастаған болатын. Зардап шеккен бала бірнеше жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Қазақстан Халық партиясы жуырда ғана елдегі психиатриялық көмек көрсету мәселесін көтерген еді.
«Елдегі психиатриялық көмек көрсету қызметін реформалау қажет. Қазіргі таңда психикалық ауытқулары бар көптеген адамдар тиісті ем алмай, қоғам арасында жүр», - деді депутат.
Астанада болған қайғылы жағдай мұның дереу шешімін талап ететін күрделі мәселе екенін айқындады.
«Психикалық дертке шалдыққан баланың кесірінен лифттегі кішкентай бүлдіршіннің зардап шегуі өзгеріс қажет екенін дәлелдейді», - деді мәжілісмен.