Психикалық ауруларды дамудың бастапқы кезеңдерінде анықтау және мұндай диагнозы бар адамдардың құқықтарын қорғау жұмыстарымен құзырлы министрліктер айналысуы тиіс. Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясы депутаттарының пікірінше, Үкімет керісінше, мамандардың жүктемесін арттырып отыр.
ҚХП депутаты Ирина Смирнова статистикалық мәліметтерді мысалға келтіріп, Қазақстан халқының 1% психикалық денсаулығының бұзылуынан зардап шегетінін айтты.
«Сонымен қатар, психикалық денсаулық – денсаулық сақтаудың да, басқа да әлеуметтік қызметтердің назарынан тыс қалған аспектілердің бірі болып отыр. Бұл мүгедектіктің көбеюіне әсер етіп, осындай мәртебеге ие азаматтардың қоғамға бейімделмеуіне кедергі келтіреді. Осы мәселені реттеу арқылы суицидтің себептері мен оларды азайтуға мүмкіндік алуға болады», - деп атап өтті депутат.
Ауру неғұрлым ерте анықталса, соғұрлым онымен күресу оңайырақ. Дегенмен, тәжірибе көрсеткендей, біздің медициналық көмек көрсету жағдайында мұны жүзеге асыру өте қиын. «Арнайы білім беру ұйымдары қызметкерлерінің штат санының үлгілік деңгейлері туралы ережеге» жақында енгізілген өзгерістерге қарағанда, бір баланы тексеру мен консультация беру ұзақтығы бар болғаны бір сағатты құрайды, мамандардың жүктемесі шамадан асып кеткен және бұл жүктеме тек артып келеді.
«Балалар психиатрлары мен балалар невропатологтарының штаттық жүктемесін азайтуға қатысты өзгерістерді қайта қарау қажет. Мәселен бұрын педиатрлардың санын қысқартып, кейін қайта қалпына келтірген едік», - деп атап өтті депутат.
Өңірлерге барып, халықпен кездесулер өткізгенде азаматтардың құқық қабілеттілігін анықтаудың субъективтілігі мәселесі анықталды. Яғни, ақыл-ой кемістігі бар азаматтардың құқықтары бұзылып, олар меншігінен және бейімделу және оңалту мүмкіндігінен айырылуда.
«Осы және басқа да міндеттердің барлығы байыпты ойлануды, заманауи шындыққа сәйкес өзгерістер мен мекемелердің жұмысын реформалауды талап етеді», - деп түйіндеді ҚХП депутаты.
Партия фракциясы осы саладағы анықталған мәселелерді талқылап, шешу үшін қоғамды, мүгедектердің қамқоршыларын және барлық мүдделі тұлғаларды тарта отырып, ведомствоаралық жұмыс тобын құруды ұсынды.