Психотроптық препараттардың тапшылығына кім жауапты?

dep.jpg

Психикалық ауытқуы бар азаматтар қажетті медициналық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілмей отыр. Бұл мәселені Қазақстан Халық партиясының депутаты Ислам Сұңқар көтерді.

Мәжілістің пленарлық отырысында депутат аймақтарға сапары барысында Орал қаласындағы қарттар мен мүгедектерге арналған жабық медициналық-әлеуметтік мекеменің еңбек ұжымымен кездескенін айтты. Мекеме қызметкерлері психикалық ауытқуы бар науқастарға арналған психотроптық дәрілердің жетіспейтінін айтып, шағымданған.

– Дәрі-дәрмектің жетіспеушілігінен арнайы мекемелерде түрлі оқыс оқиғалар орын алады – науқастар қызметкерлерге шабуыл жасап, жарақаттайды, материалдық шығын келтіреді, – деді депутат.

Депутат осы мәселеге бойынша құзырлы органдарға бірнеше рет жүгінгенімен, нәтиже болмағанын жетізді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бір-біріне сілтеумен шектелуде. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, барлық науқастар жоспар бойынша және белгіленген мөлшерде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Ал Еңбек министрлігінің деректеріне сәйкес, дәрі-дәрмек тапшылығы бар. Сонда кімге сену керек, және неге мемлекеттік органдардың бұл мәселеге қатысты ұстанымдары бір-біріне қайшы келеді?

Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев былтыр дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде шынында да кедергілер болғанын мойындады.

– Бұл келісімшарттардың кеш жасалуы мен жеткізу мерзімдерінің бұзылуына байланысты болды. Қазір бұл мәселе қайта қаралды. Сонымен қатар, біз «Аминазин» дәрісінің түрін өзгерттік – оны су негізіндегі ерітіндіден майлы ерітіндіге ауыстырдық. Бұл қабылдау жиілігін едәуір азайтуға мүмкіндік береді, бірақ емдеу тиімділігі өзгеріссіз қалады, - деді Нұрлыбаев.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы Ақмәди Сарбасов та арнайы мекемелердегі пациенттер (Қазақстан бойынша олардың саны 16 мыңнан асады) барлық қажетті дәрі-дәрмекпен қамтылғанын айтты. Егер қандай да бір қиындықтар болса, олар жақын арада шешілетінін жеткізді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy