Лауазымды тұлғаларды бюджетке келтірген шығынды өтеуге міндеттеу ұсынылды

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов лауазымды тұлғаларды өз қызметі немесе әрекетсіздігі салдарынан мемлекет бюджетіне келтірілген шығынды өтеуге міндеттеу туралы ұсыныс жасады. Оның пікірінше, бұл министрлік қызметкерлерін өз міндеттерін жауапкершілікпен орындауға ынталандырады.

Депутат бұл ұсынысын Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысын мысалға келтіріп түсіндірді. Ол ведомство жақында әлеуметтік бастамаларды белсенді түрде іске қосып, дәрілік препараттарды жедел тіркеу, жеңілдікпен берілетін дәрілер тізімін кеңейту сияқты уәделер бергенін атап өтті.

– 2022 жылы ҚХП фракциясы Үкіметтен дәрілерді тіркеу мәселесін шешуді талап етіп, депутаттық сауал жолдаған еді. Сол кезде бізге бұл мәселені шешу үшін арнайы жол картасы бекітілгені айтылды. Бірақ үш жыл өтсе де, мәселе шешілмеді. Қазір сол жол картасын ешкімнің есінде де жоқ, - деді Магеррамов.

Депутат айтуынша, Қазақстанда де-юре парламенттік бақылау бар болса да, іс жүзінде жүктелген міндеттерді орындамау, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану немесе басқа да зиян келтіру фактісі бойынша ешбір лауазымды тұлға жауапқа тартылмайды.

– Олардың «жұмысының» орнын біз бюджет қаражаты есебінен толтырып жатырмыз. Ал нақты орындаушылар заң алдында жауапкершілік арқаламайды. Менің ойымша, Үкіметтегі әріптестеріміз мұны жақсы түсінеді, - деді ол.

Бүгінде жұмысына салғырт қараған шенеуніктерге ең ауыр жаза ретінде тәртіптік жаза немесе қызметтен босату шарасы ғана қолданылады. Ал оның орнына келген жаңа вице-министрлер орындалмаған бағдарламалар мен уәделерді ұмыт қалдырады. Депутат осы жағдайды түбегейлі өзгерту керек деген ұсыныс білдірді.

– Ең тиімді әдіс – лауазымнан кеткеннен кейін де өз қызметі негізінде мемлекетке зиян келтірген басшылар экономикалық жауапкершілікке тартылуы тиіс деп ойлаймын. Біз бастапқыда шығынды бюджеттен өтейміз, бірақ кейін оны регресс арқылы лауазымды тұлғалардан өндіріп алу керек. Бұл шара министрлер мен шенеуніктерді өз қызметін халық пен мемлекет мүддесіне сай адал орындауға ынталандырады, – деді Магеррамов.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy