Қазақстан Халық партиясы Жеңістің 80 жылдық мерейтойын пайдалы істермен атап өтпек. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ел өңірлеріндегі партия мүшелері сенбіліктер ұйымдастырып, көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп, қалалар мен ауылдарда тазалық орнатуда.
Шымкент қалалық филиалының басшылары мен белсенділері А.Асқаров атындағы дендрарийде сенбілік өткізді. Партия мүшелері саябақ аумағын қураған шөп пен бұтақтардан тазалап, қурап қалған ағаштардың орнына жаңғақ көшеттерін отырғызды.
– Бұл акция дендрарийдегі ағаш қорын толықтыруға және көбейтуге сеп болады. Біз мұнда жыл сайын сирек кездесетін ағаштар мен бұталарды, яғни, дендрарийде бұрын болмаған, тіпті Қызыл кітапқа енген түрлерін отырғызуды жоспарлап отырмыз, - дейді филиал белсенділері.
Аталған бастама жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге де оң ықпал етпек.
Ақсу қаласындағы ҚХП бастауыш ұйымы – «Бірлік – Ақсу қаласы» аумағында да сенбілік өтті. Партия мүшелері маңайды күл-қоқыстан, құм мен былтырғы жапырақтардан тазартты.
– Өз қолыңмен тазалық жұмысына кіріскенде, қалаға деген көзқарасың өзгереді. Тазалық – тек тәртіп емес, бұл – өзіңе және айналаңа деген құрмет. Мұндай сенбіліктер – формалды емес, бұл – шынайы бірлік пен жауапкершіліктің, туған жерге деген жанашырлықтың көрінісі, – деді Ақсу қалалық мәслихатының депутаты, ҚХП белсендісі Сергей Олейник.
Сонымен қатар көгалдандыру акциясын Батыс Қазақстан облыстық филиалының қызметкерлері де ұйымдастырды.