Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік саны артады

dep.jpg

Үкімет Ұлттық азық-түлік атласын әзірлеп жатыр. Бұған қоса, атқарушы билік әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізімін кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұған дейін Мәжілістің пленарлық отырысында дәл осындай бастаманы Қазақстан Халық партиясының фракциясы көтерген еді.

Сарапшылардың айтуынша, мұндай атлас өңірлердегі азық-түлік тұтыну мен өндіру көлемін, оларды тасымалдау бағыттарын, сондай-ақ қойма инфрақұрылымының жүктемесін қадағалауға мүмкіндік береді. Қызмет өзге мемлекеттік органдардың деректер базасымен интеграцияланады деп жоспарланып отыр. Осылайша мәліметтер онлайн режимде жаңартылып, ең өзекті ақпаратты ұсынуға жол ашады.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, тұтыну бағаларының өсуіне ең көп ықпал ететін 30 тауардың қатарына бірнеше ет түрі, жаңа ауланған балық, алма, алмұрт, банан, лимон, қызанақ, қияр, ірімшік, шай және өзге де өнімдер кіреді. Соның ішінде 23 түрлі өнімді әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне қосу ұсынылып отыр. Егер бұл бастама қабылданса, аталған тауарларға үстемеақы 15%-дан аспауы тиіс. Қазіргі уақытта ұсыныс кәсіпкерлермен бірге талқыланып жатыр.

ҚХП парламенттік фракциясының жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов мұндай шараларды партия бұған дейін де ұсынғанын еске салды.

– Біз азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өңірлік карталар әзірлеуді ұсынып, депутаттық сауал жолдағанбыз. Сол кезде бұл ұсынысты сол сәтте қажетсіз деп бағалаған еді. Дегенмен министрлік бес айдан кейін болса да, мамыр айында ҚХП көтерген бастамаға құлақ асқандары қуантады, - деді ол.

Партия тіпті әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімін де кеңейтуді ұсынған. Атап айтқанда, оған балалар тағамы мен диеталық тағамды енгізу қажет екенін көтерген. Магеррамов бұл идея да қолдау табады деген үмітте.

– Жалпы, Үкіметке ҚХП-ның барлық ұсыныстарын мұқият зерделеуді ұсынар едім. Министрлер ол жерден ел мен халықтың игілігіне қызмет ететін жақсы бастамаларды таба алатынына сенімдімін, - деді ол.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy