Көшбасшы жастар – ел ертеңі

dep.jpg

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚХП «Жас орта» жастар қанатының жетекшісі Ислам Сұңқар университет және колледж студенттеріне жастардың саяси көшбасшылығы туралы қонақтық лекциялар топтамасын өткізуді бастады. Күні кеше осындай шара Астана халықаралық университетінде өтті.

Ислам Сұңқардың өмірбаянын ескере отырып, оны толықтай «self-made man» (өзін-өзі жасаған адам) деп айтуға болады. Ол шалғай елді мекеннен арман қуып, білім алу үшін елордаға келген. Осылайша, Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Филология» мамандығы бойынша тәмамдаған, оған қоса осы оқу орнынан гуманитарлық ғылымдар магистрі дәрежесін де алып шықты. Университетте оқып жүріп, академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы Санкт-Петербург мемлекеттік университетінде білімін жетілдірді.

Болашақ депутат студент кезінде тазалықшыдан бастап құрылысшы, парақша таратушыға дейін түрлі жұмыстарды істеген. Кейінірек «Сана» қорында сұхбаттасушы болып, ал диплом алғаннан соң мектепте және университетте сабақ берді. Қазақстан Халық партиясының мүшесі атанғаннан кейін саяси жолға түсіп, бірнеше жылдық тәжірибесінің арқасында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ең жас депутаттарының бірі болып сайланды.

Ислам Сұңқар дәрістері арқылы өзінің жеке тәжірибесімен бөлісіп, жастарды саяси жүйе институты ретінде саяси көшбасшылық негіздеріне үйретіп қана қоймай, Жаңа Қазақстан үшін болашақ кадрларды даярлауға ниетті.

«Менің басты мақсатым – ел дамуына үлес қосқысы келетін талантты жастарды бір қауымға біріктіру», - деп түсіндірді жас депутат.

Астана халықаралық университетінде өткен кездесу нәтижесінде 30-дан астам студент осы бастамаға қосылуға ниет білдірді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy