Бейберекет құрылыстың зияны

dep.jpg

Алматы қаласында ауаның ластануына әсер етіп отырған негізгі факторлардың бірі – құрылыс алаңдарының әсерінен пайда болатын шаң. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова айтты.

Осы ретте депутат Қытайдағы құрылыс саласына қойылатын қатаң талаптарды мысалға келтірді.

– Құрылыс техникалары айнадай жарқырап тұрады. Бір түйір шаң, бір тал қоқыс жоқ. Құрылыс салғың келсе – талапты орында. Ал бізде керісінше: құрылысшылар үшін бәріне рұқсат. Техникалар лас, дөңгелектерінде батпақтың кесегі тұрады. Айнала шаңға бөккен. Құрылыс маңындағы жолдар ойдым-ойдым, құдықтар тапталып қалған. Құрылыс техникаларын көгалға қоя салады. Тәртіп орнатудың орнына – бассыздық белең алған! – деді Смирнова.

Депутаттың айтуынша, Алматыны тұмшалаған қою түтіннің басым бөлігін дәл осы құрылыстан пайда болған шаң құрап отыр. Оның үлесі түтін мен газ қалдықтарынан да көп болуы мүмкін. Қала тұрғындары тұншығып отыр. Бұған себеп – құрылыс компанияларының жауапсыздығы және мамандандырылған полиция мен қала әкімдігіне қарасты тиісті қызметтердің әрекетсіздігі.

Бұл мәселені Ирина Смирнова өз басынан өткеріп отыр. Оның үйінің маңында, бұрын алма бағы болған аумақта, үшінші жыл қатарынан құрылыс жүріп жатыр. Учаскеге жауапты құрылыс компаниясы бірнеше рет ауысқан.

– Меніңше, барымен базар қылып салып жатыр. Қолда не бар, сонымен. Айнала толған шаң мен кір. Құрылыс аумағы қараусыз қалған жерге ұқсайды. Құрылысшылар көліктерін бейберекет қоя береді, қоқысты айналаға лақтыра салады, – деп күйінді депутат.

Заң бұзушыларды жауапқа тарту оңай емес.

– Құрылыс ережелерінің сақталуын қамтамасыз ететін жүйелі жұмыс жоқю Экологиялық қызмет те, табиғатты қорғау прокуратурасы да, учаскелік инспекторлар да белсенді емес. Ал құрылысшылар үйді сатып, пайдасын көріп кетеді. Ұтатын – олар, ұтылатын – алматылықтар. Әкімдік дәрменсіз күйде қол жайып отыр. Біз осылайша шаң-тозаңның ішінде өмір сүріп келеміз. Онымен қоймай, бір топ құрылыс иелерінің байуына жол беріп отырмыз, – деді ол.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy