Қазақстанға ең төменгі жалақыны есептеудің жаңа әдістемесі қажет

Үкімет ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) есептеудің жаңа әдісіне көшіп жатыр. Оны орташа жалақы мен еңбек өнімділігіне қарай есептеу жоспарлануда. Қазақстан Халық партиясы бұл бастаманы қолдайды, алайда, партия өкілдерінің пікірінше, жаңа әдіс қолданысқа қалай енгізілетіні сұрақ туғызып тұр.

Жақында Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінде мәлімделгендей, мүдделі мемлекеттік органдар ең төменгі жалақы көлемін ең төменгі күнкөріс деңгейіне емес, медианды жалақыға қарап нақтылайды.

– Бұл жұмыскерлердің табысы мен өндірілетін тауар көлемі және жұмыс пен қызмет арасында нақты байланыс орнатуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті министрлікте, – сондай-ақ ЕТЖ мөлшерін Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) ұсынымына жақындатады.

Қазақстан Халық партиясы бұл бастаманы толығымен қолдайды.

– Біздің партия бірнеше рет осындай әдістемені қолдануды ұсынды, – деп атап өтті ҚХП парламенттік фракциясының басшысы, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов. – Іс жүзінде қалай жүзеге асырылатынын, қаншалықты тез және тиімді болатынын көрейік. Бізде Үкімет ұсынған дүниенің іс жүзінде мүлдем басқаша болатыны жиі кездеседі.

Алдағы сессияда фракция мәселені мұқият зерделеу және талдау үшін Үкімет сағатын өткізуге ниет білдіріп отыр.

Халық партиясы еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғау бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп келеді. Бұған дейін ҚХП «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» ХЕҰ №131 Конвенциясын ратификациялауды ұсынды. Соған сәйкес ЕТЖ есептеу кезінде жұмысшылар мен олардың отбасыларының қажеттілігі, елдегі жалақының жалпы деңгейі, өмір сүру құны, әлеуметтік төлемдер және басқа да әлеуметтік топтардың салыстырмалы өмір сүру деңгейі сияқты факторлары ескерілуі тиіс.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy