Қазақстанда электрлік және электрондық қалдықтарды (ЭЭҚ) қайта өңдеп, кәдеге жарату жүйесінде жаңаша өзгерістердің бола қоюы неғайбыл. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының сауалына берген жауабынан осындай ой түюге болады.
Бұған дейін, Қазақстан Халық партиясынан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты, Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану комитетінің өкілі Кенжеғұл Сейітжан Үкіметке сауал жолдап, қауіпті қалдықтарды қайта өңдеу бойынша елімізде қалыптасқан қиын ахуалды баяндаған болатын. Қоқыс төгетін жерлер мен полигондарда қауіпті қалдықтар өте көп мөлшерде шоғырланған, оларды қайта өңдеу мәселелерімен санаулы адам ғана айналысады және бұл жағдай осылай жалғаса бермек.
– Құнды материалдардың жоғалуы және электрондық қалдықтардағы қауіпті құрамдас бөліктер мен улы заттардың бөлінуі елеулі экологиялық және экономикалық салдарларға әкеледі, - деп атап өтті К.Сейітжан. - Электрондық қалдықтар құрамындағы қауіпті компоненттер халықтың денсаулығына өте зиянды және қоршаған ортаны ластайды, сондай-ақ климаттың өзгеруіне теріс әсер етеді.
ҚХП фракциясы электрондық қалдықтар бойынша ұлттық статистиканы есепке алу жүйесін жетілдіруді және ЭЭҚ өңдеу бойынша отандық технологияларды әзірлеу және енгізу үшін жағдай жасауды ұсынды. Сондай-ақ, Қазақстанның барлық өңірлерінде ЭЭҚ жинауға арналған контейнерлер мен қабылдау пункттерін жаппай орнату, электрлік және электрондық қалдықтарды жинауды насихаттау бойынша халық арасында ауқымды ағарту жұмыстарын жүргізу мәселесін ұсынды.
Өкінішке орай, Үкімет «қоқыс» мәселесін көрмей отыр. Тамара Дүйсенованың қолы қойылған хатта қалдықтарды басқару саласындағы ресми ведомстволық статистика қалдықтардың мемлекеттік кадастры шеңберінде жүргізіліп жатқаны және ЭЭҚ түрлерінің тізімі кеңейтілуі мүмкін екендігі айтылған. Бұл жерде Үкімет Қазақстанның заңнамасы қалдықтарды қайта өңдеуші кәсіпорындарды қолдауды көздейтінін, нәтижесінде кәсіпорындардың өндірістік қуатын кеңейтуге мүмкіндік жасалатынын атап өткен. Республикада қоқысты бөлек жинауға арналған контейнерлер де бар. Олар осыдан бес жыл бұрын Астана мен Қазақстанның 10 өңірінде орнатылған.
«... Сондай-ақ, әкімдіктер 5 жылға арналған коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеуде, - делінген хатта. – Бағдарлама бойынша түзілетін қалдықтардың нақты көлемі және олардың өсу үрдістері, коммуналдық қалдықтардың құрамы, қолда бар инфрақұрылым мен оған қажеттілік көрсетіледі...»
Сонымен қатар, хатта Қазақстанда қалдықтарды бөлек жинау мектеп жасындағы балалар арасында да насихатталатыны айтылған. Бұл «Жаһандық құзыреттер» курсы бойынша оқытылады. Сонымен қатар, 1-11 сыныптар үшін (жылына 9 сағат) экологиялық білім беру бойынша сынып сағаттарының бірыңғай бағдарламасы әзірленіп, енгізілген.
Хатты түйіндей келе, Қазақстандағы электрлік және электрондық қалдықтарды (ЭЭҚ) қайта өңдеу мәселесінде жаңаша өзгерістер күтілмейтініне көз жеткізуге болады.