ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қытайда қазан айында өткен IV Пара Азия ойындарының жүлдегерлерімен кездесті. Бәсі биік бәсекеде Қазақстан құрамасы командалық есепте 11-орынды иеленді. Құрама қоржынында 41 медаль бар, оның: 8-і алтын, 12-і күміс және 2-і қола. Бұл қазақстандық паралимпиадашылардың Азиада тарихындағы үздік нәтижесі.
Қазақстан Халық партиясынан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты, Республикалық паравелоспорт федерациясының басшысы Кенжеғұл Сейітжан да паралимпиадаға қатысты. Ұшқыш Антон Лаврентьевпен бірге жеке жарыста және топтық веложарыста үшінші орынды жеңіп алып, құрамаға екі «қола» алып келді. Параспортшылар алдымен Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевпен кездесті. Екінші кездесу ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловпен өтті. Үкімет басшысы жүлдегерлерге ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізіп, оларға Мемлекет басшысының қолы қойылған грамоталар, сондай-ақ «Спортмастер» спорт тауарлары дүкеніне 500 мың теңге сомасына сертификаттар табыс етті.
Паравелошабандоздар Паралимпиада құрамасының қатарына ресми түрде 2022 жылы кірді. Осыдан бір жыл бұрын олар ресми түрде Спорттық даярлау орталығына қабылданып, штаттық командаға енгізілді. Осы аз ғана уақыт ішінде Азия чемпионаты мен Пара Азия ойындарынан 8 медаль жеңіп алды.
– Паравелоспорт - Қазақстандағы параспорттың жас түрі, - дейді Кенжеғұл Сейітжан. - Біздің Федерация Қазақстан Халық партиясына көрсетіп отырған қолдауы үшін ризашылығын білдіреді.