Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Асылбек Нұралин өңірлерге жұмыс сапарын жалғастырып, сайлаушылармен кездесуде. Ақмола облысынан кейін мәжілісмен Қарағанды қаласына барды.
А.Нұралин Көкшетау қаласының Жоғары техникалық колледжінде жас техник-мамандар қалай даярланып жатқанын көзбен көрді. Депутат оқу орнының материалдық-техникалық базасымен, студенттердің оқу жағдайымен, білім беру бағдарламасымен және кадр даярлаудың бағыттарымен танысты. Сондай-ақ колледждің еңбек ұжымымен кездесу өтті. Жиында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту, еңбек нарығына бәсекеге қабілетті жұмысшылар даярлау, жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды нығайту және заманауи білім беру технологияларын енгізу мәселелері талқыланды.
– Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, оқу бағдарламаларын жаңарту және колледждердің инфрақұрылымын жетілдіру маңызды міндет болып қала береді, – деді Асылбек Нұралин.

Қарағанды облысына сапары барысында парламентарий «Qarmet» АҚ кәсіпорнының қызметкерлерімен, «Қорғау» кәсіподағының мүшелерімен кездесті. Жұмыскерлердің құқығы мен әлеуметтік-экономикалық мүддесін қорғау тақырыбын жетік білетін және ғұмырының көп жылын кәсіподақ қозғалысына арнаған депутат А. Нұралин ҚХП парламенттік фракциясының еңбек қатынастары саласындағы қызметі туралы жан-жақты есеп берді. Ол заң шығару жұмысының нәтижесін тілге тиек етіп, әлеуметтік әділдікті күшейту мен еңбек адамын қорғау үшін қабылданған заңнамалық бастамалар жөнінде айтты. Тақырып қызу пікірталас туғызды– кәсіпорын қызметкерлері әлеуметтік қорғау мен өнеркәсіптің одан әрі дамуына қатысты өткір әрі өзекті сұрақ қойды
Кездесуге қатысушылардың бірі – «Жақтау» металлургтер кәсіподағының төрағасы, ҚХП-дан Қарағанды облыстық мәслихатына сайланған депутат Виктор Щетинин Еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар ұлттық орталығына ресурстық қолдау көрсету мәселесін көтерді. Аталған орталық жөндеуді және материалдық базасын жаңартуды қажет етеді.

А. Нұралин «Qarmet» АҚ басшылығымен де кездесті. Кәсіпорынның қазіргі мәселелері мен даму болашағы талқыланғаннан кейін парламентарий өндіріс орындарының біріне барып, жұмысшылармен жүздесті.
– Өнеркәсіп ұжымдарын қолдау, жұмысшылардың құқықтарын қорғау және экономиканың нақты секторын дамыту – ҚХП бағдарламасының маңызды бөлігі, – деп қорытты жұмыс сапарын мәжілісмен. – Дәл осындай көшпелі кездесулер, ашық диалог және кәсіподақтармен бірлескен жұмыс арқылы біз Қарағанды облысы мен бүкіл ел үшін нақты шешім мен тұрақты әлеуметтік нәтижеге қол жеткіземіз.
@halyk_partiyasy