Қазақстан Халық партиясының Мәжлістегі фракциясы елордадағы мекемелерінің жұмыс уақытын өзгерту арқылы қаладағы көлік кептелісін азайтуды ұсынып отыр. Мәжіліс отырысында ҚХП депутаты Асылбек Нұралин осы мәселе бойынша депутаттық сауал жолдады.
Оның айтуынша, Астана мен басқа да ірі қалаларда көлік қозғалысы жүйелі түрде артып, жол-көлік инфрақұрылымына қысым түсіріп отыр.
– Қаланың жедел қарқынмен салынуы, шекарасының кеңеюі, жүйесіз урбанизация және маятниктік көші-қон процестері көлік жүйелерінің тиімділігіне айтарлықтай әсер етіп отыр. Қала маңындағы елді мекендерден келетін күнделікті көлік легі магистральді және орталық көшелерге түсетін жүктемені арттырып, жол кептелісі мен қоғамдық көлік қозғалысындағы кідірістерге әкеп соғуда, – деді депутат.
Асылбек Нұралин бұл мәселеге қатысты жергілікті атқарушы органдар өз деңгейінде жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Алайда кейбір мәселелерді тек Үкімет деңгейінде шешуге болады. Оның айтуынша, елорда халқының саны алдағы жылдары 2 миллион адамнан асады деген болжам бар. Бүгінде Астана көшелерінде күніне жарты миллионнан астам көлік қозғалыста болады.
– Қаладағы еңбекке қабілетті халықтың тең жартысынан астамы мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерде жұмыс істейді. Осыған байланысты, көлік ағынын басқаруға бағытталған агломерациялық көлік саясаты аясында осы мекемелер үшін жұмыс күнінің басталу уақытын сағат 9:00-ден 8:00 немесе 8:30-ға ауыстыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз, – деді депутат.
Дүниежүзілік тәжірибе көрсеткендей, мұндай шара жол-көлік желісіндегі жүктемені азайтуға оң ықпал етеді. Сонымен қатар шетелдік тәжірибе бойынша жол инфрақұрылымын жаңғыртуға және қоғамдық көлікті басым бағытта дамытуға ерекше назар аудару қажет.
Жалпы, жұмыс уақытының кестесін өзгерту ұсынысынан бөлек, ҚХП фракциясы көлік саясатын жетілдіру мәселелері бойынша ведомствоаралық жұмыс тобын құру, республикалық және облыс орталықтарының көлік инфрақұрылымын қайта жаңғыртуға бюджеттен қаржы қарастыру, сондай-ақ жолайырықтар, жерасты және жерүсті өткелдері сияқты жобаларды іске асыруда орталық және жергілікті органдар арасындағы үйлесімділікті қамтамасыз ету қажеттігін көтеріп отыр.