Қарағандыға іссапар барысында Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан Зағиптарға арналған №1 қалалық арнайы мектепке барды.
Мәжілісмен әрі омбудсмен мектептің өмірімен танысып, оған қандай қолдау қажет екенін және қандай мәселелер шұғыл шешуді талап ететінін анықтады. Сонымен қатар ол жергілікті паравелоспорт үйірмесіне барды.
– Кездесу жылы, қарапайым, бейресми түрде өтті, – деп атап өтті Кенжеғұл Сейтжан. – Мен үшін бұл бөтен орын емес, мен де интернатта, дәл осындай жүйе бойынша оқыдым. Сондықтан бұл сапар мен үшін «қызметтік міндет» емес, ішкі сезімге толы байланыс болды.

Қазақстан паравелоспорт федерациясының жетекшісі, кәсіби паравеложарысшы және көптеген жарыстардың жеңімпазы ретінде Кенжеғұл Сейтжан Қарағанды облысында паравелоспортты дамыту –кездейсоқ қабылданған шешім емес екенін атап өтті.
– Біз бес жылдан бері осы бағытта диалог, қолдау, іздену және жас спортшыларға арналған жүйе құру арқылы алға жылжып келеміз, – деді ол. – Өңірде толыққанды паравелоспорт үйірмесін ашу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілді. Бұл жас спортшылар үшін алғашқы алаң және өңірде спортты танымал етуге берік негіз болды.
Қарағанды облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиевтің қолдауымен Мүгедектігі бар адамдарға арналған облыстық спорты мектебінің базасында ақпан айында паравелоспорт үйірмесін ашу жоспарлануда.
– Бұл – өңірдегі параспортты дамыту үшін жасалатын маңызды қадам, – деп нақтылады К. Сейтжан. – Ал мен үшін, депутат және әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде атқарып отырған жұмысымның негізгі бағыттарының бірі.
@halyk_partiyasy